Тоқсейт — Балғабектің ата қонысы

Едіге тауының солтүстік жақ етегінде көлденең жатқан көк белестің үстінде ауданның айтулы шаруа қожалығының бірі – Балғабек Мүтəлұлы Қаражорғиннің қыстағы бар. Бұл жер Тоқсейт деп аталады. Соңғы кездері «Балғабек қыстағы» деп те аталып жүр. Мұның да қисыны қиюласып тұр.

Балғабектің əкесі Мүтəл Қаражорғин алғашқы шопан таяғын осы қыстақта ұстап, өмірінің соңына дейін осы жерден қоныс аудармай, ширек ғасырдан астам асыл тұқымды қой өсірген Аманкелді атындағы кеншардың атақты шопандарының бірі болды. Мүтəл балаларын еңбекке тəрбиеледі. «Еңбек етсең қиындықты жеңесің» деп отырады екен марқұм. Балалары əкесінің өсиетін есіне сақтап, өнеге етіп, іс-тəжірибелерін бойына сіңіріп өсті.

Жекешелендіру саясаты басталғанда Мүтəл Қаражорғин өзі алғаш рет шопан таяғын ұстағаннан бері құтты қонысына айналғын Тоқсейт қыстағын алып, өзінің балаларымен шаруа қожалығын құрды. Жасынан мал шаруашылығымен айналысып, ыстық-суығын көріп, өзіне мол тəжірибе жинаған Мүтəлға жеке шаруа қожалығын дамыту көп қиындық тудыра қойған жоқ. Бейнетсіз рахат жоқ екенін жасынан көріп, көңіліне түйіп өскен М.Қаражорғин қиындықты жеңіп, шаруаны жүргізудің жолын жақсы меңгерген. Ол өзінің бойындағы асыл қасиеттерін ұрпағының бойына сіңірді.

1990 жылдың аяғында айтулы азаматты сұм ажал алып кетті. Бірақ оның артында өшпейтін ізі, өлмейтін ісі, ұрпағына үлгі-өнегесі қалды.

Баласының үлкені Балғабек Мүтəлұлы Қаражорғин əкесінің ісін жалғастырып, шаруашылығын шайқалтпай ұстап тұра алды. Ол отарлап қой, табындап ірі-қара, үйірлеп жылқы өсіріп, шаруашылығын қарқынды дамытты. Қазір аудандағы алдынғы қатардағы шаруа қожалықтардың бірі ғана емес, бірегейі.

Халқымызда «қарақұс басып жейді, бүркіт шашып жейді» деген қанатты сөз бар. Иə, барын бауырына, тапқанын табанына басып, өзге түгілі өзіне қимайтын, байлығы сарайында шіритін сараң байлар да, даласындай дархан, кең пейіл, алдындағысын сырып беретін, аузындағысын жырып беретін, жаны жомарт, өз мүддесінен өзгенің мүддесін жоғары қоятын Балғабек сияқты азаматтар да бар.

Балғабек ауылдағы аз қамтамассыз етілген отбасыларға үнемі қолұшын беріп тұрады. Алдына барғандардың мұқтажын өтеп, бетін қайтармайтын адамгершілігі асқақ үлкен жүректі азамат. Сонымен қатар ол Аманкелді ауылының орталығынан дүкен ашып, халыққа сауда қызметін көрсетіп келеді. Дүкенде ауыл тұрғындарына қажеттінің бəрі бар, бағасы да шарықтап тұрған жоқ. Мал азығын қажет ететіндерге шөп түсіріп беру оның тұрақты назарында. «Мұның бəрі еңбектің арқасы. Аянбай еңбектенген жанның шығар шыңы биік», — дейді Балғабек Мүтəлұлы.

Балғабектің ақылшы анасы, сенімді серігі, қажымайтын қайратты көмекшісі, асыл жары Майгүлі бар. Ұл-қыз өсіріп отырған шаңырағынан шаттық шалқыған бақытты да үлгілі отбасы. Балғабек халықтың қалаулысы, отбасының тірегі, əулетінің арқа сүйер аласармас асқар тауы. Халқына адал қызмет етіп келе жатқан асыл азамат.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

 Қазақстанның Құрметті журналисі.