Тиянақтылық тірегі – оң өзгерістер
Күні кеше аудан орталығында ауыл тұрғындары үшін қуанышқа толы жағымды жаңалық болды. Бір күнде екі бірдей жаңа нысан ашылып, қолданысқа берілді. Біріншісі – Аманкелді көшесінің бойына орналастырылған балалар ойын алаңы. Заманауи үлгімен жабдықталған алаңқай. Ұлытау ауылдық округі əкімі аппаратынан «Қатысу бюджеті» арқылы қаражат бөлініп, «ГИМАТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған.
Ел игілігіне ұсынылған тағы бір нысан – орталық алаңға орналастырылған жарықдиодты арка. Бұл – аудандық бюджет есебінен салынып, оның құрылыс жұмыстарын жеке кəсіпкер Қобылан Мұқашев жасаған.
Осындай көзтартарлықтай əдемі орындардың ашылуы жұртшылыққа қатты ұнады. Ұйымдастырушы тарапта ашылу рəсімін ерекше ұйымдастырыпты. Мердігер ұйым атынан бүлдіршіндерге балмұздақтар таратты. Қазақта «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» дегендей, балалар бұл тарту-таралғыға мəз болысты.
Жағымды істің шынайы ықыласын қолға алып, оны көңілге қонымды деңгейде тиянақтаған аудан басшылығына алғыстар да айтылды.
Жақсы тілектерді əдемі əдіптеген жұртшылық аудан əкіміне, ауыл əкіміне ризашылықтарын білдіріп, игілікті істің жүзеге асуымен құттықтады. Бұдан кейін аудан əкімі Аманжол Мырзабеков, ауыл əкімі Талғат Əбжаппаров, ел ақсақалдары Əлімбек Жандарбеков, Ахметжан Жанұзақов, Қиятай Сəрсенов, Болат Ершуманов көрнекті орындардың лентасын қиды. Содан соң жұртшылық балалар ойын алаңы мен жарықдиодтты арканың ішкі-сыртқы көрінісін тамашалап, ерекшеліктерімен танысты. Осы бір сəтте, Аманжол Батырбекұлы тұрғындармен емен- жарқын əңгімелесті. Аудан əкімінің айтуынша, аудан орталығының кіре-беріс бас қақпасынан бастап, жолдың екі жиегіне электр желілері тартылып, жарық шамдар орнатылыпты. Бұл жұмыстарды «Saryisyn Holding» компаниясы атқарған. Енді таяу күндері «Ұлар» аллеясы темір шарбақтармен қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, ұзындығы 30 метр болатын жарықдиодтты арканың ішіне төсем жабдықтары төселіп, іргесіне сəкілер орнатылмақшы. Осы жұмыстар жақын арада іске асырылады деп күтілуде.
Аудан əкімі айтқандай, мұның барлығы жергілікті тұрғындар үшін жасалынып жатқан игілікті іс . Былтырғы жылғыны айтпағанның өзінде, биыл да ауданда жасалынған жұмыстар айтарлықтай. Саусақ бүгіп, санамалай берсек, біраз жұмыстар жасалды. Сол атқарылған жұмыстардың нəтижесі Ұлытау келбетін ажарландыра түсті. Осының бəрі аудан орталығын көркейтуге бағытталған игі істер. Алдағы күндері де көпшілік болып қуанатын жақсы жаңалықтар уақыт еншісінде.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.