Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі
Тіл – ұлттың жаны, рухы. Тіл – елдіктің айбыны мен айбары. Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі. Осынау асыл қасиеттерді сақтау жолында әр ұрпақ өзіне жүктелген міндеттерін мүлтіксіз атқаруы шарт. Мәңгілігіміздің мәңгілік мәселесімен сабақтас тіл түйткілдері селқостықты көтермейді, немқұрайлықты кешірмейді.
Қазақ тілінің кемелденіп, тұмса табиғатындағы сарқылмас әлеуетін танытудағы асқарлы белес – ХХ ғасырдың алғашқы ширегі. Бұл тұста тіліміз руханиятымыздың күретамыры бола отырып, ғылым мен ілімнің өзегіне айналды. Алаш өркениетін айқындаған ұлт зиялыларының іргелі еңбектерімен тіліміз жаңарып жаңғырды. Халел Досмұхамедұлы атап көрсеткеніндей, «Қазақ тілін ғылыммен таныстырып, ғылым жолына салатын заман келді» («Жануарлар». Бірінші бөлім).
ХХ ғасыр басындағы ұлт руханиятында тіл мәселесі өткір қойылып, әлеумет жасампаздығының басты өлшемі деп қаралды. Қазақ оқығандары отарланған елінің ертеңгі тағдырын азаттықпен байланыстырғанда, тіл мен әдебиеттің ұлттық болмысты сақтаудағы, өзгелермен теңелудегі маңызын айрықша сезінді. «Ғұмыр жүзінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» деген Әлихан Бөкейхан ана тіліміздің руханият, ғылым, саясат саласындағы тұғырын бекітуде тағылымы терең үлгі-өнеге қалдырды.
«Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Дүниеде ешбір тілді бір шешен кісі ойлап шығарған жоқ та, шығара алмайды да. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді» дейді Ә.Бөкейхан. Қазақ тілін тұрмыс қазанында қайнатып, қандастарын әлемдік ғылым жетістіктерінен ана тілінде сусындауына жол ашқан дегдар Фламмарионның «Астрономия әліпбиі» (1924), Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихы» (1926), Гравенің «Дүниенің құрылысы» (1926) ғылыми еңбектерін қазақшалап басып шығарды.
Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Әліп-би», «Жаңа әліппе», «Баяншы», «Сауат ашқыш», «Тіл жұмсар» атты ана тілімізде алғашқы оқулықтар, «Оқу құралы» (Т.Шонанұлымен бірге) әдістемелік оқу құралымен қазақ тіл білімінің негізін қалады. «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» («Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы») Бірінші жылдық Орынбор – 1914) деп білді.
«Педагогика» (1919) кітабын жазған Ғұмар Қараштың «Тіл – әдебиет», «Ұлт һәм туған тіл» (патшалық һәм бостандық заманында) мақалалары ұлттың ұлт болып қалуындағы ана тілі, әдебиетінің маңызын талдауымен және осы істерде қолға алынар мәселелерді нақты қарастыруымен құнды.
Қайраткер «Бір кеуде – пенденің дүниеде жасауы, бар болып тұруы үшін жан – рух керек. Бір халық, бір елдің де дүниеде бір милләт, ел болып жасауы, тірлік етуі үшін тіл керек, әдебиет керек. Жансыз кеуде дүниеде жасай алмас, шіріп, топыраққа айналып жоқ болар! Тілі, әдебиеті болмаған милләттің де тап сол жансыз кеудеден айырмасы болмас, өзіне айырым әдебиеті болмаған милләттер де дүниеде жасай алмас» деп ұлт пен ұлттық рух жасампаздығын тілді сақтау тұрғысынан түсіндіреді.
Ана тілін дамыту арқылы ғана білім-өнерді шынайы игеру, әдебиетті өркендету жемісті болатынын: «…Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін бімей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың.Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың білімі де, өнері де өршімейді.
Тіл сақтауға мүмкін болғанда, тіл сақталуға тиіс. Біз тілімізді қанша сақтасақ, ұлтымызды да сонша сақтаған боламыз» деп жеткізеді.
«Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі мен өнер таңдау» (1926), «Комплекспен оқыту жолдары» (1929) іргелі еңбектерімен қазақ ғылымында педагогика, психология ілімдерінің негізін қалап, тың ізденістер мен жаңа бағыттарға жол ашқан Жүсіпбек Аймауытұлы «Қазақ жоғалса, тілі де жоғалады: жасаса, өркендесе, тілі де
өркендейді» («Жазу мәселесі туралы соңғы сөз») деген ұлағатын айтты.
«Бастауыш мектепте ана тілі» (1923), «Сауатты бол» (1926) әдістемелік оқу құралы, «Педагогика» (1922) еңбектерімен қазақ руханиятындағы алтын ғасырды сомдау үрдісінен табылған Мағжан Жұмабайұлының туған тіл хақындағы толғаныстары да өміршең.
«Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр» деген қалам қайраткері ұлт тілін сақтаудың маңызын тереңнен түйсінді. «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді» («Педагогика»), «Дұрысы, мектебімізде ана тілі әлі дұрыс негізге құрылған жоқ. Осы күнгі мектеп баласы ана тіліне өзінің тілі емес, мұғалімнің тілі деп қарайды», «Мектептегі ана тілі – барлық білімнің негізі һәм басқышы» («Бастауыш мектепте ана тілі») деген алаң көңілін айтқанда, көркем аудармалары, ғылыми еңбектерімен қазақ тілінің әлеуетін еселеуде аянып қалмады.
Қазақ тіл білімінің дамуына «Оқу құралы» (Жауропалықтар үшін) 1-бөлім, «Жауропалықтар үшін ІІ жылдық оқу құралы» еңбектері, «Қотыр сөздер», «Қазақша-орысша тілмаш туралы түсініс», «Дұрыс па? Бұрыс па?», «Қазақша ай аттары», «Жат тіл оқыту әдісі» мақалаларымен зор үлес қосқан Қошке Кемеңгерұлы «Мектеп қай тілде болу керек?» деген мәселені өткір көтерді.
Түйіп айтқанда, Алаш қайраткерлері ұлт тілін білім мен ғылымның тіліне айналдыруда тарихи қызмет атқарды. Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі екенін іргелі еңбектері, жанкешті қоғамдық қызметтерімен дәлелдеп кетті. Осынау өміршең өнегеден тәлім, тағылым алу – ұрпақ парызы.
Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры.