Терісаққан төсіндегі айшықты шара

Қазақстан халқының бірлігі мейрамы қарсаңында Ұлытау ауданының шалғайдағы Терісаққан ауылында жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша ұлттық сипаттағы спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Дүбірлі дода – Ат бәйгесі өтті.

Жарыстың ашылу рәсімінде ауыл әкімі Алмат Дүйсенбаев, ауыл ақсақалы Ғазиз Бұқарбаев бұқараны айтулы мерекемен құттықтап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Бәсекелі сынға аудан аумағындағы ауылдардан, Торғай өңірінің сыртқары аймақтарынан спортшы жастар қатысып, қазақ күресі, арқан тартыс, аударыспақ сынды спорт түрлерінен бақ сынасты. Әуелі боз кілемде апайтөс балуандар белдесті. Бұл додаға Терісаққан ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Серік Ахметалин төреші болды. Белдесуде балуандар «сен тұр, мен атайын» дейтіндей, өңкей сайдың тасындай мықтылар екенін айғақтады. Тартысты бәсекеде боз кілемнің шаңын қақтырып, оңайлықпен жеңісті қолдан бере қойған жоқ. «Күш атасын танымас» дегендей, шешуші сәтте ұлытаулық Қайрат Жәкенов басқалардан басым түсіп, бірінші орынды жеңіп алды. Ал, екінші орынды шеңберлік Нұрсұлтан Есімбай иеленді. Үшінші орын ұлытаулық Бауыржан Құрманғалиевке берілді. Бұдан кейін, сайыскерлер ат спортының күрделі түрі – аударыспақ ойынында бақ таластырды. Сом білекті жігіттер сынға түскен аударыспақта ұлытаулық Олжас Жақияның бағы жанып, мерейі өсті. Бас жүлдені қанжығалады. Ал, арқан тартыста шеңберлік сайыпқырандардың бәсі биік болды. Қарсыластарына дес бермей, арқанды жұлқи тартты. Білекпен аяқ күшінің күштілігін көрсетті. Ойын алаңында қарсылас команданы қирата жеңіп, жанкүйерлерге тамаша сәттер мен ұмытылмас көріністер сыйлады.

Түс ауа айшықты шара тай мен құнан жарыстары, сондай-ақ, аламан бәйге тойтөбеде жалғасты. Шабандоздар бес айналымнан тұратын аламан бәйгеде 25 шақырымдық жарыс жолында бақ сынасса, тай жарыс 5 шақырымды, ал, құнан бәсекесі 10 шақырымды құрады. Аламан бәйгеде терісаққандық атбегі Тұрысбек Мұратовтың өрен жүйрігі шашасына шаң жұқтырмады. Маңдайы жарқырап, мәре сызығын бірінші кесті. Ат иесіне ауыл азаматтары тағайындаған 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Жүлделі екінші орынды терісаққандық Нұрлан Сұлтанбеков баптаған ат жеңіп алып, иесіне 200 мың теңгенің сыйақысы берілді. Үшінші орынды еншілеген Торғай өңірінің сәйгүлігінің иесі Әділхан Төлегеновке 100 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Құнан жарыста борсеңгірлік Айдар Мырзабеков баптаған құнан оқ бойы озық келіп, алдына қара түсірмеді. Нағыз өрен жүйрік екенін көрсетті. Ал, тай жарыста тағы да борсеңгірлік Айдардың қылқұйрығы мәре сызығын бірінші боп кесті. Тай мен құнан иесіне тиістілігіне сәйкес ақшалай марапат берілді. Басқа да екінші, үшінші орын алған тай мен құнан иелері олар да қаржылай сыйлыққа ие болды.

«Тас түскен жеріне ауыр» демекші, осындай шараны ұйымдастыруға бел байлаған ауыл тұрғындарының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Шараны ұйымдастыру мен өткізілу шығынын Терісаққан тұрғындары өздері көтерді. Ауылдағы іскер азаматтар Жарқынбек Бөлендин, Еркебол Бөрібаев, Сұңғат Сейтқазин, Тұраш Өмірбеков, Дархан Омарбек, Медет Ғазиз, Бауыржан Аян сол күнгі шараға демеуші болды.

Дүбірлі дода барысында жұртшылық назарына ауыл өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылып, мерекеге орай ұйымдастырылған шырайлы шараға ән мен күйден шашу шашылды.

Қысқасы, мереке қарсаңында Терісаққан жұртшылығы басқаларға өнеге болатындай, шынайы бірліктің тамаша үлгісін көрсетті.

Қайрат ЖҰМАБАЙ