Теректіде тәлімі терең жиын өтті

Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылдық округінің құрамына енетін Теректі ауылында Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы аясында майдангерлер ұрпақтарының ұйытқы болуымен тағылымы терең іс-шара ұйымдастырылды. Өнегесі өрісті жиынға Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы – «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ қатысып, ауыл тұрғындары мен алыс-жақыннан жиылған қауымды шуақты мерекемен ақжарыла құттықтады.

Сұрапыл соғыс басталғанда аядай ғана ауылдан майдан шебіне 59 азамат аттанған екен. Сол боздақтардың арасында хабар-ошарсыз кеткендері де, оққа ұшып, жат жердің топырағын жастанып қалғандары да баршылық. Ал ауылға аман оралғандары елді соғыс ауыртпалығынан арылту мақсатында ауыр еңбекке жегілді. Ұрпақ өсіріп, оларға тәлім-тәрбие берді.

Уақыттың пәрмені солай, бүгінгі таңда майдангерлердің бәрі де өмірден озып кеткен. Тыл ардагері санатындағы адамдардан қалғаны – бір-ақ кісі.
Жүргізу тізгінін Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, ақын Ізтөлеу Түсіпов ұстаған шырайлы шара Теректінің тумасы, танымал композитор, марқұм Жақсыкелді Сейіловтің «Ана туралы баллада» әнінен бастау алды. Жұртшылық майдангерлер мен бақиға баз кешкен тыл еңбеккерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Бәтуалы басқосудың құрметті қонақтары Айып Байқасынов, Төлеген Бүкіров, Мұрат Қазамбаев және басқалары ұйымдастырушыларға риза пейілдерін білдіріп, бейбіт өмірдің мәнін ұғындырар мазмұндағы ой-пікірлерімен бөлісті. Белгілі ақын Мұқаш Сейтқазинов арнау жырын оқыды. Ақкүлше Ибраева туған жеріне арнаған әнін тарту етсе, Несіпкүл Бекенова жүрек төрінен төгілген тілегін өзінің төлтума әнімен әдіптеді.
Іс-шара Кеңгір ауылының әкімі Рүстем Есмағанбетовтің құттықтау лебізімен түйінделді. Ол өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқаны үшін теректілік азаматтар Нұриден Наурызбаев пен Ізбасар Қожақовқа облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, қаланың көркеюі мен ауылдың дамуына сіңірген еңбегі зор бірқатар еңбеккерлер Жезқазған қаласының әкімі мен Кеңгір ауылы әкімі тарапынан берілген марапаттарға ие болды.

Жұртшылық назарына «Ақ әжелер» ансамблі мен Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясы әртістері әзірлеген тақырыптық мазмұндағы концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Іс-шара меймандары мен жалпы ауыл тұрғындарына арнайы тігілген киіз үйлерде ас беріліп, аруақтар рухына құран бағышталды.
Сөз түйінінде сырттан келген қонақтардың теректіліктердің ортақ мүдделі іске кірісу мен оны тиянақтақтаудағы «Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара» білетін тыңғылықты әрекеттеріне айрықша тәнтілік танытқанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, осынау берекелі шаруаның бастауында ел азаматы, қалың қауымға қайырымды істерімен танымал Бекзат Үмбетов тұрғанын айта кету де артықшылық етпесі анық.

Малика ҚАБДЕН,
№97 гимназияның 11-сынып оқушысы.

АСТАНА қаласы.