ТЕКТІЛІК ТЕГЕУРІНІ немесе Төлегеннің тәлімі терең әлемі

Өнегесі өлшеусіз өмір керуенінде бір адамның екінші бір адамды қадірлеп, қастер тұтуы үшін бірін-бірі жете білуінің, тамырынан тарта тануының аса қажеттілігі жоқ екен. Осыған менің көзім бұдан тым ертеректе, жастау кезімде анық жеткен және оған дәнекерлік етуші – жалқы жыр. Нақтылай түссем, өз басым мінсіз мойындап, талантына табынатын ғажап ақын, саналы ғұмырының салмақты бөлігі Ұлытау-Жезқазған өңірінде өткен Сайлаухан Нәкеновтің «Көлденең көк атты…» тақырыбы телінген, «Жезқазған кен-металлургия комбинаты шетелдiк басқаруға берiлгенде, мыс қорыту заводының қымбат металдар цехын ұлттың уысында ұстап қалған инженер Төлеген Бүкiровке» деген сілтемесі бар өлеңі. Ақынның қабілеті, өлеңнің құдіреті сол – оған дейін мүлдем көріп-білмеген, қолын алып сәлем бермеген, тіл қатысып пікірлеспеген бейтаныс азаматқа сырттай тәнті етіп қойғаны…

Төкеңмен етене танысудың сәті елден жырақтау жерде, сол кездегі облыс орталығы – Қарағанды қаласында қызметте жүрген кезімде түсті. Алғашқыда жұмыс бабындағы әлдебір себептермен телефон арқылы тілдестік. Содан кейін бірімізден біріміз алшақта болсақ та, ара-тұра амандық-саулық сұрасып, хабарласып тұрдық. Туған жерге табаным бір тиген жолы бетпе-бет жүздесіп, емен-жарқын әңгімелесудің орайы келген. Бүкпесіз айтсам, сырттай сүйсініп жүретін ағаның байсалды болмысы, байыпты ұстанымы, кесек пікірлері, алғаш жолығып отырсақ та жатсынбай жақын тартуы бірден баурап алған. Сөз саптау мәнері, өзінің ой-тұжырымдарына сенімділігі, кез келген мәселеге қатысты жасаған түйіндерінің кесімді болуы еріксіз мойындатқан. Айтып-айтпай не керек, өзара сырбаз сыйластық уақыт өте аға-іні ретіндегі бауырмалдықтан бастау алатын қимастыққа ұласып кеткенін аңғармай да қалыппыз…

Өз бағамдауымда, пенделік ұғымға тән «жетістік – өз басың үшін көксейтін игілік» деген мазмұндағы пайымның «талқанын шығарған» тұлғалы азаматтың бірі һәм бірегейі – Төлеген аға! Көксегені – халық қамы, ел мүддесі, ұлт мұраты!

Асылтекті азаматтың сол мақсат жолындағы тынымсыз әрі ересен еңбегінің нәтижелері көкірек көзі ояу, санасында сәулесі бар жандардың қай-қайсына болсын, таңдай қақтырары хақ. Кеңес дәуіріндегі қазақ тілінің хал-күйі үшін арпалыс – қазақтілді мектептердің ашылуы, қала көшелеріне қазақы атаулардың берілуі, өндірістің өркендеп, қарапайым бұқараға пайдасы тиюі жолындағы күрес, одан беріде, халыққа тиесілі қазына-байлықты «ұлттың уысында ұстап қалуы», руханият саласының керегесін кеңейту және оны кейінгі ұрпақтың кәдесіне жарату ниетімен атқарылған, әлі де атқарылуы берік негізделіп, жоспарланған іс-қимылдар, тағысын тағылар… Бұл бағыттағы игі істерді сала-салаға бөліп, санамалай берсе, жуыр маңда сарқылмайды.

Соның бәрі атын шығарып, атақ алу үшін емес екендігі бесенеден белгілі. Сол әрекеттерінің барлығының түп-тамырында – қоғамда қалыптасқан қандай да бір жағымсыз ахуалды жеделдетіп жөнге салып, түзу жолға бағыттау пейілі ғана, басқаша пиғыл жоқ онда!

Алаш көсемі, бар ғұмырын ұлт мұраты жолында сарп еткен, сол жолда тағдыры қиылған Әлихан Бөкейханұлының «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген тәмсілі бар. Бұл – бұлтартпас ақиқат, «шыңғырып» тұрған шындық. Ал, менің кейіпкерім – Төлеген Бүкіровте білім де бар, мінез де бар. Бұған қоса, оның адами түйсігінің ауқымы кең – жан-жақты, ол – халықшыл, ол – ұлтшыл, ол – қайраткер! Егер, ол Әлихан, Ахмет, Әлімхан, Міржақып, Мағжандардың заманында ғұмыр кешсе, солардың қатарынан бой көрсетері күмәнсіз еді…

Кейінге дейін ілкі бір сәттерде мені «Төкең осыншалықты ауыртпалығы орасан жауапкершілік жүгін иығына өз еркімен қалай артып алады екен? Қалай қажымайды, қалай талмайды?» деген сипаттағы ой жиі мазалайтын. Жақын араласып, сапарлас болып, болмыс-бітімін тереңірек зерделей келе, бұл сауалдың да жауабын тапқандаймын. Оның

мәні зор мақсатшылдығының, қайтпас қайсарлығының, қарымды қайраткерлігі мен

темірдей тегеурінінің өзегінде «Тектілік» деп аталатын ғажайып қасиет тұр екен ғой. Оған

босаңсуға мұрша бермейтін, санасын сергітіп, жігерін жанитын қастерлі ерекшелік сол – тамырында тулаған Тектілік тегеуріні!

Осы жазбаға кірісер тұста тілге тиек етілген айтулы ақынның атпал азаматтың іс-әрекетін шынайы бағалап, қағаз бетіне риза пейілмен түсірген арнау жырының соңғы шумағы «Сақтарға сұқтанған да шығар ғалам, үлгi жол қалу керек ұлы арнадан. Құрышын сауыт қылған сақ батырлар ырысын уысынан шығармаған» деп түйінделеді.

Ақын – әулие! Осы өлеңнің осы шумағының астарында, яғни, арғы жағында өнегенің өрісті боларын меңзеу мен кейінгі ұрпаққа бабалар ұстанымынан айнымауға қатысты үндеу жатыр. Ал, бергі жағында тағы да сол жас буынға «Төлегеннің тәлімін тереңінен түйсініп, болашаққа бағдар ете біліңдер» деген тілегі тұр. Ұрпақ сабақтастығы үзілмеген жерде үкілі үміттің селкеусіз сенімге ұласары анық. Демек, Қазақ елінің болашағын болжау да бар ақынның бұл жырында…

«Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде…» депті, адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыз. Осынау таным тұрғысынан алғанда, желкенін 70 жастың айдынында керіп, кемелдікке бағыт алған кемесін басқару тізгінін бекем ұстаған Төлеген аға – бақытты адам!

Ер тілегі – ел мұраты. Тілегімен жымдаса қабысқан тынымсыз тірлігі түпкі нәтижесін беріп, облыстың Ұлытау атауымен қайта құрылуы, төңірегінің тұтастығы, елдің ымыра-бірлігі, мемлекет іргесінің тыныштығы – сол бақытының еселене түсуінің кепілі.

 

P.S. Ендеше, біздің еншіміздегі іс – алқалаған ағайынға айтар ақылы, қаумалаған қауымға көрсетер үлгісі бар біртуар тұлғаның ғасыр ғұмыр кешуіне тілек қосу ғана. Ұлттың ұланы – Ұлт бесігінің төл перзентін Жаратушы жарылқап, сол тілекті қабыл еткей, лайым!..

  

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі,

Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты,  

Ұлытау аудандық мәслихатының депутаты.