Таза әрі ашық референдумға куә болдық

5 маусым күні — елімізде Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мəселесі бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Референдумға қатысу құқығы бар Ұлытау ауданы аумағындағы 7010 азаматтың 6099 қатысып, жалпы есептік көрсеткіші 87 пайызды құрады. Олардың азаматтық ұстаным танытып, өз таңдауларын жасағаны жарқын болашағы үшін деп түсіндік. Референдум барысында аудан орталығында орналасқан №723, №724, №726 учаскелерінде дауыс беру құқығына ие азаматтардың көбісі көтеріңкі көңіл күйде болды. Əрқайсысы өз таңдауларын жасап, бірліктің шынайы үлгісін танытты.

Аудандық мəдениет үйінде орналасқан №723 референдум учаскесінде дауыс беру өте жоғары кəсіптік деңгейде ұйымдастырылды. Бір байқағанымыз, учаске іші талапқа сай жабдықталған Барлық қажетті құрал-жабдықтар ұқыпты əзірленген. Халықтың белсенділігі жоғары. Осы үрдісті көзбен көріп, жай ғана байқап өтпей, ондағы дауыс беруге келген тұрғындарды сөзге тартқан едік…

 Ғазиз Əбітов , село тұрғыны:

 — Таңмен таласа ерте тұрып, референдум учаскесіне келдім. Əнұран шырқалған референдумның ашылуына куə болдым. Учаскеде дауыс беру, оны ұйымдастыру жоғары деңгейде өткізілуде. Ешқандай у-шусыз, таза əрі ашық өтіп жатқаны байқалып тұр. Құқықбұзушылық пен қайшылық жоқ, өте тыныш. Біле білсек, бұл референдум – халық билігінің, əрбір қазақстандықтың өз азаматтық ұстанымын білдіру арқылы Жаңа Қазақстанды құруға елеулі үлес қосуының жарқын көрінісі. Осы референдум еліміздің табысты болашағын қалыптастыруға, оған белсенді қатысуға əр азаматқа мүмкіндік тудырып отыр. Əрі ұсынылған реформалардың маңыздылығын білген соң, ел тағдырына бейжай қарай алмадым. Елдің азаматы ретінде референдумға қатысып, Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесімді қосу парыз деп санадым.

Орынбасар Көбенова, «Алтын алқа» иегері:

– Референдумнан үлкен үміт күтемін. Алдағы уақытта мемлекеттің қоғамдық саяси, əлеуметтік өмірінде өзгеріс, жаңару болады деп сенемін. Осындай жауапты кезеңде референдумға қатысу азаматтардың тек өзін-өзі құрметтеу ғана емес, жалпы Қазақстанның болашағы өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігін көрсету. Сондықтан мен де өз ықтиярыммен еліміздің, жас ұрпағының келешегі үшін дауыс бердім.

Дəл осындай саяси шара №1 Ұлытау орта мектебінде орналасқан №724 референдум учаскесінде де өтіп жатты.Біз ол учаскеге де арнайы барып, таңғы сағат жетіде бірінші кезекте дауыс беріп тұрған 80 жастағы абыз ақсақалмен тілдестік…

Əшен Жыңғылбаев, еңбек ардагері:

— Таң сəріден тұрып, ел ақсақалы ретінде өзгеге үлгі болу мақсатында №724 учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасадым. Бұл менің азаматтық позициям. Елімнің ертеңіне сеніп, дауыс беріп тұрмын. Ал, референдумға келетін болсақ, сондай ұйымдасқан тəртіппен жинақы өтіп жатыр. Бұл халықтың өзінің жəне елінің тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетсе керек. Шын мəнінде, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолына жасалынып жатқан саяси науқан ғой. Алдағы күннен күтер үмітіміз көп. Жалпыхалықтық референдум елдің саяси өміріне ғана маңызды емес, қоғамдық өміріне де маңызды.

Аудандық білім бөлімінің ғимаратында орналасқан №726 учаскесінде де референдум əділ əрі ашық өтті. Бұл жерде Айыртау, Талдысай елді мекендерінің жəне Иманжан көшесінің тұрғындары дауыс берді Референдумда азаматтар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасаумен қатар, өз ынталығы мен демократиялық құқықтарын толық пайдалана білді.

Тоқтамыс Бірмағанбет, ең жас қатысушы:

 – Бүгін мен үшін есте қалатын маңызды күн. Тұңғыш рет саяси шараға қатысып, дауыс беріп тұрмын. Шынымды айтсам, референдум учаскесіне үлкен толғаныспен келдім. Бұл саяси шара халық билігін жүзеге асырудың тиімді жолы деп білемін. Конституцияға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар Қазақстан тарихына жаңа тараулар ашады. Сондықтан референдумға қатысып, өз қолдауымды көрсеттім. Мені тұңғыш рет дауыс беруші деп құрметтеп, маған естелік сыйлықтар тапсырды. Осының өзі біздің қоғамымыздың жастарға құрметі мен сенімін айғақтап тұрғандай. Еліміздің гүлденуі мен өсу жолына оның келешегіне адал қызмет етіп, мемлекетіміздің дамуына аянбай еңбек ету қажет деп білдім.Осы мақсатпен өзгерістерге қолдау білдіріп, референдумға қатыстым. Өз таңдауымды жасадым.

Қорыта айтқанда, аудан аумағында орналасқан 30 референдум учаскесінде өңір тұрғындары белсенділік танытты. Референдумға қатысу құқығына ие азаматтар мемлекетіміздің кемел келешегін жасауда өздерінің де дауысы маңызды екенін айқын сезінді. Əсіресе, жас буынның саяси шараны жақсы түсінетіні байқалды. Біз референдум барысында осыны аңғардық