«Тау әуендері» тобы – ауыл сахнасында

Ұлытау ауданының 85 жылдық мерейтойына орай, аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Тау әуендері» мәдени-үгіт бригадасы аудан аумағындағы елді мекендерді аралап, тартымды шара жасады. Мерейтойға арналған шара «Шырқала бер, ән шыңында Ұлытау!» тақырыбында өрбіді.

Бұл жолы өнерпаздардың ауыл халқы алдында өнер көрсетуінде үлкен мән бар. Ауыл – қазақтың күре тамыры, алтын бесігі. Әрі күйбең тірлік пен тынымсыз еңбектің бел ортасында жүрген ауыл халқына әуезді әнімен көңіл-күй сыйлау болды. Осы мақсатпен ұйымдастырылған шарада «Тау әуендері» тобы Қаракеңгір, Егінді, Алғабас, Терісаққан, Шеңбер, Аманкелді ауылдарына барып, концерт берді.
Концерт барысында өнерпаздар қазақтың саф алтындай ғажайып өнері – күй мен әнді асқан шеберлікпен орындады. Олардың көңіл сергітер әдемі әуендері көрерменді өзіне тартып, жақындастыра түсті. Тіпті, кей өңірлерде көрермендер әншілердің әуеніне қосылып, ән ырғағымен би билеп те кетті. Осылай басталған концерттік бағдарлама әр ауылда жалғасын тапты.
Сәні мен мәні келіскен концерттік шарада көмейіне бұлбұл үні ұялаған әншілер көп болды. Белгілі әнші Азамат Маекенов шырқаған «Ауылға барам» әнінен даланың дабылы, ауылдың үні естілді. Жезтаңдай әнші Гүлмира Сыздықова орындаған «Анаңды сүйсең, менше сүй!» әні көрерменнің құлақ құрышын қандырып, тыңдаушыларына ерекше ләззат сыйлады. Нұржан Сүйінбаев пен Мәдина Жұмабаева орындаған «Сезім үшін» әні де көрерменді әсерлі әуенімен елітіп жіберді. Көрерменнің көңілін асқақтатып, жанын жадыратқандай болды. Сезімтал жүректердегі сырлы сезімдерді ән сыңғырымен оятқандай әдемі әсер қалдырды. Жеке дауыста ән салған Жолдасбек Рашиттің «Жарық түн» әні де жүрекке жылы тиді. Бұдан бөлек, Нұржан орындаған Құрманғазының күйі «Адай», Әбдімомын Желдібаевтың күйі «Ерке сылқым» Ұлы Даланың үнін ғана емес, Алаш ұранды жұртымыздың жаны мен болмысын көрсеткендей болды. Концерттік бағдарлама аясында әншілер бұдан басқа да түрлі тақырыпта әндер шырқады. Оның ішінде Ұлытауға арналған көңілге қонымды әуезді әндер көп болды. Жалпы, концерт кезінде өнерпаздар көрермендерді сүйсіндіріп, өнерсүйер қауымды өзіне тарта отырды.
Ұйымдастырушы тараптың ұйымдастыру деңгейі де көптің көңілінен шықты. Мәдениет үйінің аға әдіскері Гауһар Әбілдина, көркемдік жетекшісі Рахат Ниязов көп еңбек сіңірді. Айтулы шараның басы-қасында болып, концерттің бәсі биік болуына атсалысты. Әсіресе, сахнадан төгілген сырлы әуен мен шалқыған ән елді мекендегі клуб үйлерін өнер ордасына айналдырып жіберді. Бұл туралы нақты айғақтар концерт барысында түсірілген көрсетілімде анық байқалып тұр. Ауыл көрермендерінің өнерпаздарға деген ыстық ықыласы бірден байқалады. Көрермендердің дуылдата қол шапалақтап отырғаны – соның дәлелі болса керек.
Қысқаша қайырғанда, кешті тамашалаған жұрт көтеріңкі көңіл-күймен тарасқан сияқты. Өнерпаздардың концерттік бағдарламасынан көңілге түйген ойдың бір парасы осы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.