Татулық – киелі тұмар

Бүгінде қу тіршіліктің қамымен жүріп, жылтыраған жалған дүниеге қызығып, өз ұлтын өзекке теуіп, алысжақын туысымен, дос-жаранымен арақатынасын үзген жандар аз емес. Өз ұлтына құшағын айқара ашпағандар қазақты «бауырым» деп танитын өзге этнос өкілдерін қайтсін?! Бұл – дүрбелеңге толы бүгінгі заманға тән көрініс…

Хош делік, 1 мамыр – ұлтаралық достық күні. Осы бір «дос» деген сөздің астарында «өмірлік тірек» деген ұлы ұғым жатыр. Бәлкім, сондықтан да ақын Мұхтар Шаханов «Жұбайың досың бола ма, міне, сол басты мәселе!» деп өлең өрген шығар. Жұбайың, туысың, ата-анаң, бауырың, көршің, тіпті, өзге ұлт өкілі де алдымен досың бола білуі керек.

Сондықтан 1 мамыр – достық, сыйластықты биікке көтеретін мереке. Бұл – ұлтымыздың дарқан мінезі мен қонақжайлылығынан хабар беретін мереке. Тек ұлт пен ұлттың достығы емес, адам мен адамның жолдастығын меңзейтін, өзгеден бұрын өзімізге керек мереке. Бейбіт елде еркін ғұмыр кешуіміз үшін керек мейрам.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Татулықты ту еткен дарқан көңіл Қазақ жерінде бүгінде 130- дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында сүттей ұйып, ортақ несібесін бөлісе жеп отыр. Өзге этнос өкілдерімен жылына бір рет достығымызды ресми түрде тойлап, тыныштығымызды ойлау – болашағымыз үшін жасалған саналы әрекет.

Бүгінде айтулы мерекені әлемнің 140 мемлекеті атап өтеді. Демек, 140 мемлекет көршілерімен бірге келісім мен татулықты тұмар еткісі келеді деген сөз. Бұл – ертеңін ойлаған елдерге тән ұстаным. Бүгінде елімізде тұрып, қазақ болып тумағанына өкінетін «жүзі басқа, жүрегі – бір, тілі басқа, тілегі – бір» жандар аз емес. Олар мереке күні ғана емес, жыл он екі ай достық ниетін білдіріп, қазақтың туы мен ұлттық құндылықтарын биікке көтеруде.

Қысқаша түйіндесек, біз өзге ұлт өкілдерімен бірлік-берекеде ғұмыр кешкенде ғана олар бізге қимас бауыр, қиыспас дос, шынайы жанашыр бола алады. Бірлік болмаса, береке қашады. Береке болмаса, бейбітшілік жалауы желбіремесі хақ.

Ал, бейбітшілік жоқ жерде ұлт та, ел де, жер де, діл, дін, тіл де жоқ…

Демек, татулық – елдің киелі тұмары.

Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН