Тастұғырда – Еңбек Ері мүсіні
Қаракеңгір ауылында Кеңес Одағы дәуірінде дүйім елге еселі еңбек жасампаздығын жарқырата көрсеткен даңғайыр шопан, Социалистік Еңбек Ері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Бәкен МЫШАНОВТЫҢ есімін жұрт жадында жаңғыртып, рухына тағзым ету мақсатында ескерткіш-мүсіні орнатылды. Ауылдағы ақпейіл ағайынның қуанышын аудан әкімінің орынбасары Бағдат БАЙЖАНТАЕВ арнайы барып бөлісті.
Қарапайым аға шопанның басына бақ құсының қонуы мен даңқының дәріптелуіне ауыртпалығы мол еңбек жолында қайыспас қайсарлық танытып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуі дәнекерлік еткені, әрине, бесенеден белгілі жайт. Ол өзінің жасы бар болғаны отыз бен қырықтың бел ортасында тұрған шақта, яғни, 1965 жылы әр жүз қойға 116 қозыдан ертіп, рекордтық көрсеткішті бағындырған екен. Бұдан тысқары, бір қойдан қырқылатын жүнді орта есеппен 3,6 килограмға жеткізген. Осылайша, ел дәулетін еселеуге өлшеусіз үлес қосқан. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы 22 наурыздағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағын алып, омырауына Ленин ордені және «Балға мен Орақ» алтын медалін таққан.
Тастұғырдағы мүсіннің салтанатты ашылу рәсімінде Бағдат Тілеуліұлы, дара тұлғаның ауылдасы, зейнеткер Бекмырза Әбілдин, Еңбек Ерінің төл перзенті Ермекбай Мышанов және басқалары қуаныштан жүздері алаулаған қауымға ақжарма тілектерін арнап, атқарылған айшықты іс ұрпаққа, әсіресе, кейінгі жас буынға өшпес өнеге боларын атап өтті.
Дәстүрлі лента қию рәсімін Бағдат Байжантаев пен ауыл ақсақалы Бекмырза Әбілдин іске асырды. Шаттығы кемеріне келген қаракеңгірліктер, жұлдызы еселі еңбекпен жанған азаматтың ұрпақтары, осы салтанатқа сырттан арнайы келген меймандар мүсіннің іргесін гүл шоқтарымен көмкеріп тастады.
Жергілікті өнерпаздар шараның шырайын әсем әнмен енгізді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ
ҚАРАКЕҢГІР ауылы.