Тасқынға әзірлік тиянақты

Көктемгі су тасқынына дайындық та өзекті мəселелердің бірі. Қар күрт ерісе, өңіріміздегі өзен-көлдердің жанында орналасқан елді мекен су астында қалуы мүмкін. Сол себепті ауданда табиғи апаттың алдын алуға арналған əзірлік шаралары жүргізілуде.

Синоптиктер биыл қар қалың түскендіктен, көктемде су тасқыны орын алуы мүмкін екендігін ескертеді. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алуға, халықты апат салдарынан қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені күзден бастап қолға алынған.
– Біздің ауданда су басып қалу қаупі зор деген өңірлер жоқ. Əйтсе де көп жылғы тəжірибе көрсеткендей, жайылған судың зардабын тартуы мүмкін деген елді мекендер де бар. Мысалы, Қарсақбай, Қаракеңгір, Сарысу, Борсеңгір ауылдарына жайылған су жеткенде жағдайлар болды. Сондықтан да біз осы өңірлерге бірінші кезекте мəн беріп отырмыз, – дейді Данияр Серікұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, аудан көлеміндегі өзендер мен тоғандардың суағарын тазалау жұмыстары күзден бастап жүргізіліпті. Атап айтқанда, Аманкелді ауылына қарасты «Кененбай» тоғанының суағары қамыс пен қоқыстан тазартылып, жанқұлағы аршылса, Жезді кентінің орталығымен ағатын өзеннің қамыстары орылып, жағажайы биіктетілген. Сондай-ақ, аудан аумағындағы жолдардың да суағарлары ауыстырылып, тазартылыпты.
– Ауданымыздың аумағынан екі республикалық, екі облыстық дəрежедегі жолдар өтеді. «Қазавтодор» мекемесі өздеріне тиесілі жолдардың суағарларын тазалауды қолға алған. Ал, облыстық жолдарды күтіп ұстайтын мердігер компания бұл жұмыстарды осы наурыз айында жүргізіетін болады.
Мұның сыртында Ақтас-Пионер бағытындағы жолдардың сайларына суағарлар орнатылды. Жалпы көктемгі су тасқынына əзірлік жұмыстары аудан əкімі Аманжол Мырзабековтың бақылауында. Аудан басшысы ақпанның соңында Ұлытау ауылында төтенше жағдай жариялап, су тасқынына қарсы шаралар пысықталды, – дейді бөлім басшысы.
Қысқасы, ауданда алдағы су тасқынын тудыратын төтенше жағдайға əзірлік тиянақты. Қажетті техникалар мен құрылғылар əзір. Жедел əрекет ету тобы да жасақталған. Бұл бағытта бүгінде 47 техника, 21 адам сақадай сай тұр. Су тасқынының алдын алу бойынша кешенді жоспар құрылып, жұмыстар соған сəйкес жүргізілуде. Ауылдық округ əкімдері жанар-жағармай мен инертті материалдар, құм салынған қаптар дайындауды қолға алған. Су басу қаупі ықтимал жағдайда тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру, апаттың алдын алуды хабарлау, халықты ақпараттандыру мақсатында да алдын алып жоспар жасалынып, сол бойынша жұмыстар қолға алынған.
Апат айтып келмейді. Оның үстіне биылғы қыстың ерекшелігін, қардың қалың түскенін ескерсек, сақтық шаралары мен ескертпелерге елдің салғырт қарамағаны дұрыс. Далада қар əлі қалың. Оның үстіне аудан орталығынан полигонға 45 мың текше метрдей қар шығарылыпты. Бұл да көктемде су тасқынына сеп болар дүние. Ұлытау селосында төтенше жағдайдың алдын алу үшін 8 адам мен екі техника жəне су соратын помпалар əзір тұр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.