Тартысқа толы бәсеке
Бір жылға созылған карантиндік шектеу шаралары бәрімізге ауыр тигені белгілі. Әсіресе, бұл мектеп оқушылары үшін қиындықтар тудырды. Оларға онлайн білім алуға тура келді. Әрине, білім ошағына барып, сыныптастарымен бірге отырып оқығанға не жетсін?! Десекте, оқушылар үшін өткен апта ерекше болды.
Ақпан айының 15-20 күндері аралығында аудан мектептерінде «Денің сау болса, бәрін аласың» атты денешынықтыру апталығы ұйымдастырылды. Апталыққа барлық мектептердің оқушылары қатысып, спорттың бірнеше түрінен сынға түсті.
Шара барысыңда қазақтың ұлттық ойындары да ойнатылып, кең сипатта насихатталды. Ата-аналармен де арнайы «Менің баламның физикалық дамуы» атты онлайн форматында сауалнамалар өткізілді. Апталық өзінің тартымдылығымен бәрінің көңілінен шыққаны анық.
Спорттық бағдарлама қорытындысында үздік деп танылған оқушылар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Біз ретін тауып, апталыққа қатысушылармен тілдескен едік.
Сәуле БӘДІЛБЕКОВА, Борсеңгір орта мектебінің мұғалімі:
– Иә, балалар үшін осындай спорттық іс-шаралар өтіп тұрғаны бізді қуантады. Онлайн оқып жатқандықтан мектебін қатты сағынған еді. Бір апта бойы түрлі спорт жарыстарына қатысып, бойлары бір сергіп қалды. Спорттық апталықты ұйымдастырушыларға ата-аналар атынан шынайы алғысымды білдіремін.
Серік МӘШІРІП, №15 Ж.Жабаев атындағы Қарсақбай орта мектебі денешынықтыру пәнінің мұғалімі:
– Біздің мақсат – оқушыларға сапалы білім, тағылымды тәрбие беру. Соның ішінде салауатты өмір салтына бағыттап, спортқа баулу. Биылғы дене шынықтыру апталығы жоғарғы деңгейде өтті. Бірін-бірі көптен көрмеген оқушылардың басы қосылып, көңілді ойындар өткізілгеніне өзіміз де дән ризамыз.
Айдана СӘДІР, №1 Ұлытау орта мектебінің 11 сынып оқушысы:
– Осындай апталықтар жиі өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді. Бір жылдай үйде отырып едік, міне, бір аптада іштегі шерді тарқатып тастағандай болдық. Ойындар өте қызықты өтті. Ең бастысы, достарымызбен жүздесіп, қуанып қалдық. Жалпы, осы секілді тартысқа толы бәсекелердің берері мол.
Жасұлан АЯШЕВ