Тамшылатып суару – тиімді тәсіл

Ғалымдар бұдан көп ертеректе жер шарында таяу жылдары су тапшылығы орын алуы мүмкін деп болжам жасаған еді. Сол жағдай қазір біздің елде де көрініс беріп тұр. Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан өңірлерінде қуаңшылық болып, мал шығынының орын алуы – соның айғағы. Бұл жағдай азық-түлік пен көкөніс бағасының қымбаттауына әкеліп соқтыруы бек мүмкін.

Міне, сондықтан да, қазақ атамның «Судың да сұрауы бар»деген нақылын үнемі есте ұстап, суды үнемді пайдалану – бүгінгі күннің басты мәселесі. Қасиетті Құран Кәрімде «теңіз жағасында отырып дәрет алсаң да, суды ысырап жасама» дейді.

Біз осы жағдайды ескере отырып, үй ауласындағы бау-бақшаны технологияның кейінгі жетістігі – тамшылатып суару инновациялық әдістемесіне көшірдік. Бұл әдіс біздің өңірде – жоқтың қасы.

Ол үшін үйдің жаңынан құдық қазып, суын насос арқылы алдын ала дайындалған бөшкелерге құйамыз. Сужылығаннан кейін кешке қарай суару қондырғысы аппаратына қосамыз. Әр лентаның арасын – 50см. бір лентаның көзінің арасы –20 см.

Жоғарыда тұрған бөшкелердегі судың қысымымен лентадағы көздерден су тамшылап аға бастайды. Бұл біріншіден, пайдалы әсер коэфицентін арттыру, суды үнемдеп пайдалану және әр түп көкөніске су мөлшерді түрде беріледі, тыңайқыш беру де оңай.

Біздегі су жинайтын екі бөшке – 500 л. Оның жерден биіктігі 0,7- 1 м. Бұл биіктік ленталарға гидроқысым түсіру үшін қажет.

Жерді егілетін көкөністі түріне қарай екіге бөлдік.

№1 алқап – 1,5 сотық. Бұл ерте көктемде егілетін домалақ жуа (репчатый) мен сәбіз, картопқа арналды.

№2 алқап – 1,5 сотық.Кеш отырғызылатын қызанақ, қияр, қырыққабат, тәтті бұрыш, қызылша, баклажан және тағы басқалары. Мұны екіге бөлудегі мақсат – оңай суарылады және көкөніс түріне қарай су беру үшін де қажет. Бұл жерде арықшалар қазылмайды, суару үшін күнде шланг сүйремейсің, арам шөп азаяды, яғни, жұмыс жеңілдейді. Мұны жарнамалаудағы ниет – біріншіден, су үнемдеу болса, екіншіден, жермен айналысу мәдениеті, үшіншіден, соңғы нәтиже – аз шығын жұмсап, мол өнім алу.

Қажетті құрал-жабдықтарды интернеттен қарап, пошта қызметі арқылы алуға болады. Оны әр үй өз ауласына қарай бейімдеуі керек және айтарлықтай қымбатқа түспейтін пластикалық бұйымдар қолжетімді.

ҚҰЛАХМЕТОВТЕР отбасы.

ЖЕЗДІ кенті.