Талғат Темірханов: АЭС Қазақстанды энергетикалық тәуелділіктен құтқарады
АЭС салу мәселесінің көтерілуі – соңғы 2-3 жылда энергетика саласында біраз өзгерістердің болуымен байланысты болып отыр. Соның бірі Екібастұз, Риддер Петропавлда қыстың көзі қырауда жылу жүйелерінде болған апаттар.
Бүгінде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесі өзекті болып тұр. Қазақстанда АЭС салу – жаңа энергетикалық қуат көздерін арттыру ғана емес, бұл біздің энергетикалық тәуелсіздігіміз бен экономикалық тұрақтылығымыздың кепілдігі. Бүгінде әлемде мемлекетті тұрақты әрі сенімді энергиямен қамтамасыз ету дегеніміз – табысты экономикалық өсу мен әрбір азаматтың әл-ауқатының кілті болып отыр. Осы орайда Қазақстанның мүмкіндігі қандай екенін білу мақсатында «Қазақстан электр энергетикалық Қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Талғат Темірхановқа хабарласып, әңгімелескен болатынбыз.
– Атом энергиясы – бұл әлемнің көптеген елінде тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген қуат көзі. Ал АЭС Қазақстанның энергетикалық қажеттіліктерін қаншалықты қамтамасыз ете алады?
– АЭС салу мәселесінің көтерілуі – соңғы 2-3 жылда энергетика саласында біраз өзгерістердің болуымен байланысты болып отыр. Соның бірі Екібастұз, Риддер Петропавлда қыстың көзі қырауда жылу жүйелерінде болған апаттар. Бұл апаттар энергетика саласындағы тозу деңгейінің жоғары екенін ашық көрсетті. Еліміз бойынша стансалардың орташа тозу деңгейі – 65 пайыз. Тіпті, кейбір жеке стансалар 85-86 пайызға тозған. Кеңес өкіметінде салынған стансалардың осы уақытқа дейін тозуы да қалыпты нәрсе. Алайда бұл негізінен үлкен қауіп тудырады. Экономикамызбен қатар тұтынушылардың көлемі де, деңгейі де өсіп жатыр. Қарапайым тұтынушылардан бастап, елімізге келіп жатқан инвесторлар, тау-кен, металлургия, мұнай-газ саласын жүзеге асып жатқан жоспар, жобаларға дейін электр энергиясын қажет етеді. Осы орайда біз өсіп жатқан экономиканы энергиямен қалай қамтамасыз етеміз деген сұраққа қазірден бастап жауап беру керекпіз. Неге десеңіз, Қазақстан жылына орташа есеппен сағатына 115 млрд кВт электр энергиясын тұтынады, 2030-2035 жылдары бұл көрсеткіш сағатына 153 млрд кВт-қа дейін жетеді, болжам бойынша. Яғни, бізге генерацияның жаңа түрлері, көздері керек. Ол көмір болсын, су, баламалы энергия, атом болсын. Алайда бүгінде бүкіл әлем көмірден бас тартып, көміртек шығарындыларымен күресіп жатыр. Ал көміртек шығарындыларының едәуір бөлшегі энергетикаға тиесілі. Біз қазір энергетиканың 65 пайызын көмірден алып отырмыз. Мұны болашақта қалай өзгертеміз деген сұраққа қазірден бастап жауап беруіміз керек. Бұл мәселеде АЭС біріншіден экологиялық таза, екіншіден қалдықтардың аз болуы. Өйткені атом стансасы көмір жақпайды, сәйкесінше ауада көміртек шығарындылары болмайды. Ал үшіншіден атом стансасы базалық генерацияға жатады. Ол энергияны тоқтаусыз береді деген сөз. Бұл қарапайым тұтынушыларға ғана емес, ірі тау-кен, металлургия, мұнай-газ саласына керек дүние. Өйткені олардың технологиялары электр энергиясын тоқтаусыз тұтынуды қажет етеді. Егер электр энергиясы болмаса олар өз өнімдерін шығара алмайды. Сондықтан дәл қазір энергетика мәселесінде Қазақстан тарихи шешім қабылдайтын кезеңде тұр.
Тәуелсіздік дегеніміз шекараны бекітумен шектелмейді. Энергетикалық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі де тәуелсіздік. Сондықтан шетелге энергиялық тұрғыдан тәуелділіктен арылуымыз керек. Осы жағынан біз қазір Ресей мен Қырғыз Республикасына тәуелдіміз.
Елімізде АЭС салынған жағдайда 10 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, ал стансаны пайдалануға бергеннен кейін 2 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Бұл өз мамандарымызды жұмыспен қамтуға себепкер. Ал АЭС-ті бір нұсқа ретінде қарастырып отырған Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында салатын болсақ, онда 1 800-ге жуық халық бар. Эксплуатациядан соң ауыл халқы өсе бастайтыны анық, мүмкін шағын ауылдан қалашыққа дейін үлкейер.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметі бойынша, қазір әлемде 415 ядролық энергетикалық реакторлар (ЯЭР) жұмыс істейді, (оның 307-і (бұл 74 пайызы) қысым астындағы жеңіл су реакторлары), тағы 60-ы салынып жатыр. Атом электр стансаларының ең көп саны АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Жапонияда (12), Ресейде (36) және Оңтүстік Кореяда (26) орналасқан.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметі бойынша 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы – 792 ГВт дейін, яғни 2 есеге өседі деп болжап отыр. Әлемдегі 415 реактордың жалпы қуаты – 373 735 МВт. Ал қазір салынып жатқан 60 реактордан алынатын қуат көзі – 62 637 МВт болмақ. Яғни, әлемнің энергияға, оның ішінде атом стансаларына деген сұранысы артып отыр.
– Қазақстанға АЭС саламыз деген мемлекеттерге қандай талаптар қойып отырмыз?
– Әзірге АЭС-ті қай мемлекет салатыны белгісіз. Қазір Ресей, Оңтүстік, Корея, Франция және Қытайды таңдап отырмыз. Қазақстанға АЭС-ті осы 4 мемлекеттің біреуі салады. Әр мемлекеттің өз технологиясы мен талабы бар. Осы жерде АЭС-тің саяси жоба емес екенін ескеруіміз керек. Қай ел серіктес ретінде таңдалса да, тек АЭС-ті салумен айналысады, оны пайдаланбайды. Сондықтан даурығудың қажеті жоқ деп есептеймін. Референдумда оң шешім қабылданған жағдайда қай ел АЭС салатынын мемлекет өзі комиссия құрып, сол 4 елдің ұсыныстарын қарап, тиісті бағасын беріп барып шешім қабылдайды.
Бірақ Қазақстан мемлекет атынан қауіпсіздік жағынан ең озық технологияларды тарту туралы міндет қойдық. Біз ІІІ+ деңгейлі қауіпсіздік деңгейінен төмен технологияларды қарастырмаймыз. Өйткені ІІІ+ технологиясы – әлемдегі ең озық технология. III+ заманауи реакторларының көптеген артықшылығы бар. Онда активті және пассивті өзара қайталанатын қауіпсіздік жүйелері бар. Жобалау және құру кезінде радиоактивті заттардың алаң шегінен шығу орнынан терең эшелондалған қорғау принципі, сондай-ақ «аварияны жобалау сатысында жою» концепциясы пайдаланылады. Белсенді аймақтың бұзылуына байланысты ауыр аварияның болу мүмкіндігі мүлдем аз,
10 миллион жыл ішінде бір оқиға болуы ықтимал.
Болашақта IV+ деңгейлі қауіпсіздік технологиясы пайда болады, алайда біз оны күтетін болсақ, 5-6 жылды жоғалтып аламыз деген пікірдің жаны бар. Өйткені бұл станса тек энергетиктерге ғана қажет дүние емес, бұл біздің шетелге өнімдерін шығаратын ірі компанияларға тиесілі сұрақ. Бүгінде Еуропа елдері шекаралық салық мәселесін қарастырып жатыр. Бұл сіздің өніміңіз Еуропа шекарасына кірген кезде өнімнің ішінде көміртек шығарындыларының деңгейі қаралады деген сөз. Егер өнімде көміртек деңгейі өте жоғары болса (бізде генерацияның 65 проценті көмірден алынады), Еуропа елдеріне кірмес бұрын салық төлеуіңіз керек. Мысалы, ERG компаниясы алюминийді Еуропаға сатқан кезде жылына 330-350 млн долларды шекаралық салық ретінде төлеуге мәжбүр болады. Сондықтан біз оны неғұрлым түсіретін болсақ, соғұрлым экспортқа шығатын тауарлар қосымша салық төлемейді.
– АЭС салу атом технологиясын дамытуға қаншалықты әсер етеді?
– Қазақстан уран қорына бай, әлем бойынша экспорттауда жетекші орын алады. 2023 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі уран қоры 990 мың тонна. Былтыр өндіру көлемі 21,1 мың тоннаға дейін жетті. Бұл әлемдегі уран өндіруші елдердің көрсеткішінен асып түседі. Сондықтан Қазақстанның энергетикалық жүйенің болашақ негізі ретінде атом энергиясын пайдаланатын дербес державаға айналу мүмкіндігі жоғары.
Еліміздегі шикізат қоры реакторлардың 50 пайызын шикізатпен қамтамасыз етіп отыр. Ал бір жыл ішінде өндірген уранның 3 пайызы ғана АЭС-ке жұмсалмақ. Сондықтан біз шикізаттан тапшылық көрмейміз, толықтай қамтамасыз етілген. Сондай-ақ Ядролық физика институтында қуаты 6 мегаватт болатын ядролық зерттеу реакторы орналасқан. Бұл су-су реакторы, ол – әлемдегі ең қауіпсіз санаттағы құрылғы. АЭС салу бұл – 60 жылдан астам уақыт тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз ету, парниктік газ шығарындыларын жылына
10 млн тоннаға дейін азайту, сонымен қатар табиғи ресурстарды тиімді пайдалану.
– Қазақстанның географиялық және сейсмикалық жағдайлары АЭС салуға қаншалықты қолайлы?
– Біз жоспар бойынша 3 аймақты алып отырмыз. Соның ішіндегі ең тиімді, ең қолайлысы – Алматы облысына қарасты Үлкен ауылы. Ал сейсмикалық мәселелерді қазір МАГАТЭ-мен бірге зерттеп шықтық. Тағы да бір айта кететін мәселе – бізде оңтүстік өңірі электр энегрияның тапшылығына жылдан-жылға артып келеді. Қазір біз солтүстіктен оңтүстікке қосымша энергияны тасымалдауға мәжбүр болып отырмыз. Болашақта қуаттылығы 2800 МВт стансаны салатын болсақ, бұл оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығын түгелдей жабады деген үміттеміз.
Егер АЭС салынатын болса, ол апатқа төзімді аймақтарда салынатыны және төтенше жағдайларға төтеп бере алатын жүйелермен жабдықталатыны анық. Тек жер сілкінісіне ғана емес, су тасқыны, дауылға төтеп бере алады.
Жаңа заманауи АЭС-тер 9 балға дейінгі жер сілкіністеріне және басқа да табиғат құбылыстарынан қорғай алады. Жоғарыда айтқанымдай, АЭС-тердегі апаттардың ықтималдығы 10 миллион жылға бір апаттан да келмейді. Салыстыру үшін айтсақ, ЖЭО-да көмірдің жарылу ықтималдығы 80 есе жоғары.
Әрбір заманауи АЭС-та ядролық реактордың қорғаныс қабықшасы (контайнмент), стансадағы төтенше жағдайлар кезінде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғы бар. Сондықтан жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, АЭС өңірдің табиғи ортасы мен халқына кері әсерін тигізбейді деп айтуға болады.
Былтыр күзде АЭС орналасатын жерді таңдау бойынша жүргізілген зерттеулерді бағалау үшін Қазақстанға МАГАТЭ-нің халықаралық мамандар тобы келді. Барлық материалдарды зерделеп, сондай-ақ Балқаш көліне барғаннан кейін, МАГАТЭ сарапшылары АЭС-тың көлге жақын орналасуына кедергі келтіретін факторлар жоқ деген қорытындыға келді.
Дегенмен АЭС орналасатын жерді анағұрлым егжей-тегжейлі зерделеу үшін табиғи және техногендік сипаттағы ықтимал сыртқы әсерлерді, оның ішінде ықтимал жер сілкінісін қарастыру үшін инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізілетін болады.
– АЭС құрылысы мен пайдалануында халықаралық тәжірибелер қаншалықты ескеріледі?
– Шетелдік тәжірибеде атом электр стансалары ең алдымен үлкен су қоймаларының жанында салынады. Осы ретте заманауи АЭС-тер қоршаған ортаға, оның ішінде олар салынған су қоймаларына кері әсер етпейтініне назар аударған дұрыс.
Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) деректері бойынша, жаңартылатын қуат көздері мен атом энергиясы алдағы үш жылда басым болады, бұл қосымша сұраныстың орта есеппен 90 пайыздан астамын қамтамасыз етеді. Соңғы 50 жылда атом электр стансаларында энергия өндірудің арқасында 60 Гт-тан астам СО2 шығарындылары ауаға таралмады. Бұл әлемдік энергетика секторының екі жылға жуық шығарындыларына тең.
Атом электр стансалары әлемдегі ең қауіпсіз және сенімді қондырғылардың бірі. Дегенмен адамдар мен қоршаған ортаға теріс салдары бар апаттар болуы мүмкін. Мұндай апаттардың ықтималдығын азайту үшін МАГАТЭ өзіне мүше мемлекеттерге атом электр стансаларының қауіпсіздігін жақсарту үшін халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қолдануға көмектеседі. Мәселен, АЭС-тің құрылымдарын үнемі жетілдіріліп, жаңартылып отыру керек. Бүгінде атом энергиясы экологиялық тазалығымен, жоғары қуаттылығымен және дұрыс пайдаланған жағдайда тиімділігімен энергия алудың ең тиімді жолы болып отыр. Жылу электр стансаларымен салыстырғанда атом электр стансаларының отын шығыны бойынша артықшылықтары бар, бұл әсіресе отын-энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету мәселелері және қазба отын өндіру құны артып отырған өңірлер үшін маңызды.
Тағы бір айта кетерлігі, атом электр стансалары қоршаған ортаны түтін газдары, күл немесе құрамында мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайды. Әртүрлі елдердегі АЭС пайдаланудың көп жылдық тәжірибесі олардың табиғатқа әсерінің өте аз екенін көрсетіп отыр және бұл әсер атом стансасының қызмет ету мерзіміне ықпалын тигізбейді.
Мемлекет басшысы қыркүйектегі Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Атом құрылысын және оның қасиеттерін зерттейтін мамандар елімізге керек. Жалпы, энергетик мамандарды даярлау бұл әрбір мемлекет үшін стратегиялық мәселе. Өйткені ақырзаман болғанша энергетик мамандар керек. Ал АЭС мәселесінде стансаны салатын мемлекет мамандарды қосымша оқытып даярлайды.
Ел арасында дамыған елдер атом стансасынан бас тартып жатыр деген пікір де бар. Олар АЭС-тен бас тартып жатқан жоқ, өз аумағында тозығы жеткен, қауіпсіздігі төмен стансалардың жұмысын тоқтатып жатыр. Себебі олар І немесе ІІ буын технологиясымен салынғандықтан, қауіпсіздік талаптарына сай келе қоймайды. Ал біз қазір ең озық стансаны салуды жоспарлап отырмыз.
– Сұхбат туралы сізге хабарласқанымызда, АЭС құрылысы мен пайдалануына байланысты түсіндіру жұмыстарымен Түркістан өңірінде жүргеніңізді айттыңыз. Халықты мазалайтын қандай мәселелер бар екен?
– Осыған дейін Ақмола облысында, Түркістан, Шымкент қалаларында болдық. Халықтың қоятын сұрағының 90 пайызы – қауіпсіздік деңгейіне байланысты. Жалпы, көпшіліктің АЭС туралы ойы жақсы. Оған Түркістанда, Шымкентте зиялы қауым өкілдерімен, ақсақалдармен, М.Әуезов университетінің белсенді жастарымен, Alageum Electric компаниясының жұмыскерлерімен, Кентаудың энергетик мамандарымен кездесу барысында көз жеткіздік. Әсіресе, шағын және орта кәсіп иелері АЭС салуды қолдап отыр. Кәсіпкерлер үшін электр энергиясы – өте үлкен қажеттілік. Жылыжайда көкөніс, жеміс-жидек өсіріп отырғандар, шағын бизнес өкілдері электр энергиясынсыз қалатын болса, тауарларын шығара алмайды. Сондықтан шектеусіз электр энергиясын тұтынуға мемлекет мүмкіндік жасауы керек деген пікірлер айтылды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ.