ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – БАРШАНЫҢ ІСІ
Табиғат пен адам – біртұтас. Біз кейде осыны ұмытып жатамыз. «Бір адамнан орманда із қалады, жүз адамнан жол қалады, мың адамнан шөл қалады» деген емес пе?! Қарап отырсақ, табиғатқа зардабын əкелетін экологиялық мəселелердің бəрі адамдардың өз қолымен жасалады.
Негізінде, тіршілік атаулы үшін аса зор қажеттілік – мөлдір су, тұнық ауа, алуан түрлі аң мен құс, балық, жеміс-жидек бəрі-бəрі орман саясынан табылады. Ендеше, орман қоршаған ортадағы баға жетпес байлық көзі.
Ал, өткенге көз салсақ, сонау ерте замандардан-ақ бабаларымыз табиғатты көзінің қарашығындай сақтап келген. Жас ұрпаққа «көкті жұлма, шыбықты сындырма» деп əрдайым ескерту айтып отырған. Бүгін біз де осы ұстанымды ұстануымыз қажет. Табиғатты аялауға аса мəн бергеніміз жөн.
Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің №867 қаулысына сəйкес «Ұлытау» ұлттық паркі құрылды. Оның құрамына «Арғанаты» аумағындағы 33 мың 419 гектар жер енгізілді. Бұл жер орман-тоғай орналасқан аймақ. Мұндағы мақсат – аң-құстарды, сондай-ақ, өзен-көлдердегі балықтарды, жасыл-желекті сақтау, қорғау. Бүгінгі таңда қорғауға алынған аймақтағы өсімдік атаулыға, аң-құстарға, балықтарға есепке алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Əсіресе, ерекше экологиялық əрі ғылыми құндылыққа ие мемлекеттік табиғи кешендегі биологиялық жəне ландшафтық сан алуандықты сақтау жəне қорғау біздің міндетіміз.
Бір сөзбен айтқанда, табиғатқа қиянат жасатпау. Қазір өңірде «Ұлытау» ұлттық паркі ашылғаннан бері жаңадан жұмыс орындары ашылып, жергілікті елді мекендерде табиғатқа жаны ашитын азаматтарды қабылдадық. Бүгінгі күні жұмысымыз күннен-күнге күрделене түсті. Өйткені, орман-тоғайлардың сақталуына көңіл бөліп, мүдделілік танытуымыз – заңды құбылыс. Сондықтан орман қорын болашақ ұрпаққа қалдыру – баршаға ортақ міндет.
Қадыржан ЕСКЕНОВ,
«Ұлытау» МҰТП «Арғанаты» орманшылық басшысы.