Табиғат — талбесігің!

Қазақстан Республикасы Үкіметінің №867 қаулысымен 2021 жылдың 7 желтоқсанында «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі еліміздегі 14-ші ұлттық табиғи парк болып құрылды. Ұлттық парктің жалпы жер көлемі 58 912 гектарды құрайды. Бұл аумақ – Қазақстанның геометриялық орталығы ғана емес, сонымен қатар, бүкіл Еуразия даласының кіндігі. «Ұлытау» ұлттық паркінің негізгі мақсаты – биологиялық және ландшафттық әртүрлілікті сақтап қалу, арнайы экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар табиғат қорғау мақсаттары үшін мемлекеттік табиғи резервтік қордың бірегей табиғи кешендерін және объектілерін пайдалану.

Ұлытау жерінде Жезқазған қаласының ботаникалық саябағының зерттеуіне сүйенсек, жалпы 600-ден астам өсімдік түрі бар. Оның 90-ға жуығы дәрілік өсімдіктер және жусанның 14 түрі бар.

Дәрілік өсімдіктер: итмұрын, қаражидек, қалақай, жалбыз, арша, тобылғы және тағы басқалары.

Ұлытау-Жезқазған аймағын жүзден аса сүтқоректі, 250-ге жуық құс түрі мекендейді. Бұл аймақтың таулы өңірлерінде тау шекілдегі, шымшық, сарыторғай, құр және басқа да жануарлар мен құстар кездеседі. Көлдерінде қоңыр қаз, бізқұйрық, барылдауық үйрек, қасқалдақ, аққу сияқты құстар ұя салып, балапан басады. Онда алабұға, ақбалық, табан, сазан, шортан, жайын және басқа да балық түрлері бар.

«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде» 4 туристік соқпақ бар, 2 бағытпен:

  • Әулиетау. Ұлытау тауларының шыңы. Биіктігі 1 133 метрді құрайды. Ұлытау селосынан батысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан. Жергілікті халықтың аңызға сүйеніп айтуынша, Әулиетаудың ұшар шыңы көк зеңгірге бәрінен де жақын, дәл сол жерде Аспан мен Жер қауышады.
  • Едіге тауы. Ұлытау ауданынан батысқа қарай 35 шақырым қашықтықта орналасқан. Биіктігі 1065 метрді құрайды. «Едіге шыңы», «Едіге биігі» атанған бұл биікте Едіге батырмен қатар, Алтын Орданың атақты ханы Тоқтамыстың да сүйегі жатыр. Тоқтамыс ханның ордасында беделді би болған Едіге қасиетті Ұлытаудың биік шыңдарының бірінде жерленген. Ол шың кейіннен Едіге деп аталып кеткен.

Жаз мезгілі кезінде «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына келіп демалушылар назарына және осы соқпақтарға байланысты тауға шығудың төмендегідей қауіпсіздік шаралары қарастырылған:

– Экскурсоводтың нұсқаулығымен әрекет ету;

– Топтық қауіпсіздікті сақтау;

– Кез келген уақытта серігіне көмекке дайын болу;

– Ыңғайлы, жылы киім кию;

– Жүргіншілердің ара қашықтығы 1,5-2 метр болу керек;

– Алдында кетіп бара жатқан адамды итермеу;

– Тік жардың шетінде тұрмау;

– Жылан және кенеден мұқият сақтану;

Бағыт уақытында жүру кезінде, маршрут бойындағы барлық белгілерді, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтай отырып, өз денсаулығына қауіп туғызудан сақтану қажет. Ыңғайлы киім, дұрыс таңдалған аяқ киім және аспалы сөмке алып жүру ескертіледі.

Ерекше қорғалатын аймаққа келушілерге келесідей сақтық шараларына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі:

– Ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитариялық қағидаларды сақтау;

– Орманға қоқыс шашпай, арнайы жәшікке тастау;

– Ауызсумен жабдықтау көздерін ластамау;

– Жануарлардың тыныштығын бұзбау;

– Өсімдіктердің өсуін өзге де қауіпті химиялық радиоактивті немесе биологиялық заттардан сақтау;

Келешекте демалыс аймағына келушілер саны да реттеліп отырылады. «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің табиғатты қорғап, адам игілігі үшін ұқыпты пайдалануды насихаттауда алатын орны ерекше.

Табиғатымыздың бұдан да әдеміленіп, Орталық Қазақстанның көзтартар жерлерінің бірі боларына үлкен үлес қосып, зор сеніммен қарайық, ағайын!

Дильназ ЖАҚЫПБЕКОВА,

«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің экскурсоводы.