ТАҒЗЫМ МЕН ТАҒЫЛЫМ
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлытау ауданы, Жезді кентінде орналасқан Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайында «Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де Майдан үшін» атты тақырыптық фотокөрме өткізілді. Бұл көрме – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халқымыздың ерен еңбегі мен ерлігіне тағзым етудің бір көрінісі.
Көрме экспозициясына майдан даласынан түсірілген сирек фотосуреттер, тыл еңбеккерлерінің жанкешті тірлігін бейнелейтін материалдар, сондай-ақ сол бір ауыр жылдардың шежіресіне айналған мұрағаттық құжаттар қойылған. Әрбір экспонат – тарихтың тірі куәсі, әрбір сурет – батырлар ерлігінің үнсіз шежіресі.
Шараның мақсаты – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ел үшін жанын қиған ерлердің ерлігін ұмытпау, бейбіт күннің қадірін ұғындыру. Мұражай ұжымы осы көрме арқылы Отан үшін күрескен жауынгерлер мен олардың артындағы халықтың қажырлы еңбегін еске түсіріп, келушілерге терең ой салуды көздейді.