Тағылымды кездесу

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің 29 қарашада құрылған күніне орай, музей ұжымының ұйымдастыруымен Сапар орталығында бұрынғы әріптестерімен кездесу кеші өтті.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражайының өткен жылдардағы директорлары Кенжал Балкенов, Бақтияр Қожахметов, Талғат Әбжаппаров және музейде еңбек еткен қызметкерлер Зағила Жылқыбақова, Айткүл Темірбекова, Светлана Григорович, Нұрсұлу Райымова, Сауқымбек Есмағанбетов, Мақсат Әбдікәрімов, Жанар Бегаева қатысты.

Алдымен, экраннан музейдің өткен тарихы жөнінде бейнеролик көрсетілді. Кездесуді музей директоры Нұрлан Қасымбеков ашып, қорық-музейінің осы күнге дейін жеткен жетістіктерін айтып өтті. Бұдан кейін Кенжал Балкенов, Бақтияр Қожахметов, Талғат Әбжаппаров өздері басқарған уақыттағы оң өзгерістерге тоқталып, осындай шараны ұйымдастырып отырған тарапқа алғыстарын айтты. Сонымен қатар, Зағила Жылқыбақова, Айткүл Темірбекова, Мақсат Әбдікәрі мов жүрекжарды лебіздерін білдірді. Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек жиынға қатысушыларды мерекелерімен құттықтап, музей қызметкерлерін марапаттады. Сәбира Нашкенованы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Ақберен Біраяқовқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Ал, музей директоры Нұрлан Жолаушыұлы өзінің құттықтау хатын Кенжал Балкенов, Сейтжан Өмірбаев, Бақтияр Қожахметов, Талғат Әбжаппаровқа табыс етіп, иықтарына шапан жапты. Жақында ғана зейнетке шыққан Сауқымбек Оразбекұлының иығына да шапан жауып, «Еңбек Ері» төсбелгісін кеудесіне тақты. Музей директорының Алғыс хатына Дархан Оспанов, Жанахмет Әбдікәрімов, Рүстем Еркеғұлов ие болды.

Шара соңында Сапар орталығы ішіндегі экспозициялық залдарына экскурсия жасалынып, қонақтарға асханада дастарқан жайылды.

Жасұлан АЯШЕВ