ТӘЖТАЖАЛ: үшінші толқын қаупі бар
Мұхтар Әуезовтың «Қилы заманын» бүгінде біз өзгеше өткерудеміз. Адамдарға деген заманның, яки болмаса, Тәңірдің наласы ма, әйтеуір, көлденеңнен келген дерт етжақындарымыздың жанын жалмап кетті. Мамандардың айтуынша, атың өшкір індеттің бірінші және екінші толқынынан сүрініп-қабынып өттік пе дегенде, әлемде COVID-19 инфекциясының үшінші толқыны болуы мүмкін деген қауіп белең алуда.
Іргелес жатқан Ресей мен Қырғызстанда коронавирустың таралу деңгейі өткен жылдың көрсеткішінен де асып жығылды. Індет белгілері де күн өткен сайын өзгеріске ұшырауда. Ең қорқыныштысы – осы.
Көрші мемлекеттердің дегбірін дерт қашырып жатқанда, Қазақстандағы ахуал «бөркімізді аспанға атарлықтай» деуге келе қоймас, әрине.Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 21 204 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, 6 655 пациент – стационарда, 14 549 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда, олардың ішінде, 458 адамның жағдайы ауыр, 110 пациенттің жағдайы өте ауыр, 69 науқас жасанды тыныс беру аппаратына қосылған.
Пандемия басталғалы Ұлытау ауданында індетке жалпы саны 98 адам шалдығып, оның үшеуі осы кеселдің кесірінен қайтыс болған. Бүгінгі күнге дейін дерт жұқтырып, ауруханадан емделіп шыққандар саны толастар емес.
Салыстырмалы түрде Ұлытау ауданы облыстағы вакцинаны аз алғандар қатарында екенін ескерсек, «жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, жуыр маңда коронавирус індеті қатерінен біржола арыла қоймауымыз әбден мүмкін. Сондықтан, дана халқымыздың «Сақтансаң – сақтайды» деген нақыл сөзін жадымыздан шығармағанымыз абзал, ағайын!