Тұңғыш
Қазақ қамы үшін бабаларымыздың қаны аз төгілмеді, батырларымыз бүкіл өмірін ат үстінде өткізді. Ақтамберді жырау былай жырлапты: «Жауға шаптым, ту байлап, шепті бұздым айғайлап, дұшпаннан көрген қорлықтан, жылады жүрек, қан қайнап, елді, жұртты қорғайлап, өлімге жүрміз бас байлап». Яғни, ата-бабаларымыздың ұлы мақсаты тәуелсіздікті алу болды. Тәуелсіздікті ХХ ғасырдың соңына таман алдық және оны Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстырамыз.
Өткенге зер салсақ, 25 жыл бұрын Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы бүкілхалықтық референдуммен мақұлданып, біз мемлекетті басқарудың президенттік жүйесіне қадам бастық. Оның себебі де жоқ емес еді. Ата Заңды дайындауға мол тер төккен академик Салық Зиманов Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында билік тұтқаларының текетіресі кесірінен, әрі сыртқы-ішкі «үрит, соқ» күштердің желпуімен бір бүтін елдің екіге бөліне жаздағаны туралы айтады. Мәселен, Ертістің оң жағалауы сол жағалауына көз алартса, Жайық казачествосы шпорларын сартылдатып, Оралдың көшелерін шаңдатып жатты. Нақ осы кездері қазақстандық бір топ депутат Мәскеуге жиналып, өз алдына көлеңкелі үкімет пен Қазақстанның аумағын бөлшектеуді көздейтін іріткі салушы қозғалыс құруға бастама көтергендері жайлы бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі болды және олар тарапынан Президентті қызметінен кетіру, Қазақ үкіметін таратып жіберу, жергілікті өзін-өзі басқару құқығына ие болу арқылы солтүстік облыстарды Ресейге беру жөнінде талаптар қойыла басталды. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу қажеттілігінің осындай сын сағатында С.Зиманов ел басқару жүйесін бір ізге салу керек болғандығы, оның ең тиімді жолы тікелей президенттік билікті орнықтыру екендігі жөніндегі өз ойларымен баспасөзде бірнеше мәрте бөліскенін, «Бізге диктатураға мүлде жат, күшті президенттік билік керек» деген тақырыппен арнайы мақала да жазғанын тілге тиек етеді. Жалпы алғанда, сол кез ұлттық мүдделерді аяқасты еткісі келгендердің қарқынын қайтару үшін мол күш-жігердің қажет еткенін айтқан жөн.
Сондай-ақ, 90-шы жылдардың басында біздер шын мағынасында Кеңес империясы үйіндісінің астында қалған жағдайда едік. Кәсіпорындар тоқтап, мыңдаған адамдардың көшеде қалуы, бос сөрелер, шеті мен шегі жоқ кезек, ақшаның құнсыздана түсуі, инфляцияның жылына мыңдаған пайызға жетуі сол бір кездердің үйреншікті құбылысы болатын. Жаппай жетіспеушілік. Тіпті кір сабынның халыққа талонмен берілгені әлі есте. Азиялық қаржы нарығы тудырған әлемдік дағдарыс салдары да еліміз үшін оңай тиген жоқ. Мұнай бағасының бір баррелі тоғыз долларға дейін төмендеп, адамдарға зейнетақы, жәрдемақы, еңбекақы төлей алмаған кездеріміз болды.
Бұл қиындықтан халықтың ауызбіршілігі, күш-жігерін жұмылдыру, ел басшылығының дұрыс және сарабдал шешімдері арқасында ғана шығып, еңсе тіктей алдық. Қысқа мерзім ішінде түбегейлі экономикалық реформалар іске асты, нарықтық экономиканың негіздері жасалды. Ауқымды жекешелендіру жүргізілді, жеке сектор жанданды, ұлттық валюта енгізілді. Экономикалық құрылымда сервис пен тұтыну секторының үлестері күрт өсті, қандай да бір тауардың «жетіспеушілігі» ұғымы келмеске кетті. Ең бастысы, адамдардың санасында тың серпіліс пайда болды және кеңестік жылдарда тұмшаланған бұқараның кәсіпкерлік жігерінің оянуына мол мүмкіндік туды.
Шындап келгенде, бұрынғы кеңестік дәуірді басынан өткерген елдерде экономиканы реформалау үдерістері бұрын-соңды бұл тұрғыдан тәжірибе болмағандықтан әрі-сәрі күйде жүргізілсе, қарапайым халық нарыққа көшу жағдайына мүлдем дайын емес еді. Олай болса, тәуелсіздік алған тұста не нарықтық экономиканың заңдылықтарын, не халықаралық жағдайдың нақты ережелерін бағамдай қоймаған әрі қандай да бір сыртқы саяси тәжірибесі жоқ жаңа мемлекеттер басшыларының нендей күй кешкендерін түсіну қиын емес. Міне, осындай бір күрделі кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, туған елінің миллиондаған адамдары үшін жауапкершілік тізгінін өз қолына алды және қырық атан түйеге жүк боларлық бұл міндетті тамаша атқара білді. Батыстық инвесторлармен алғашқы келісімшарттардың жасалуы – оның жеке басының зор беделі мен сіңірген еңбегінің бір өтеуі ғана. Назарбаевтың КСРО кезінде «Шевронды» Қазақстанға «өткізуге» Горбачевтің көзін жеткізіп, тікелей келіссөздер жүргізуге келісімін алғанын екінің бірі біле бермес. Сол тұста ешкім де Қазақстанға құлшынып тұрмаған еді. Н.Назарбаев бізге деген сенімсіздік пен қорқынышты сейілте білді. Сөйтіп, инвестициялар әуелі кішкене көлемде, кейін қуатты ағынмен құйылып, ұлттық өнеркәсіпті аяғына тік тұрғызуға молынан мүмкіндік берді.
Н.Назарбаевтың сіңірген зор еңбегі, сондай-ақ, елдің ішкі және сыртқы проблемаларын өз халқының мүддесі мен мұқтаждары тұрғысынан байсалды шеше білуінде. Бір ғана мысал. Өркениет тарихында қырғынға ұшырататын қарулардың бастамашысы болған, сөйтіп «жоқ жерден жау іздеген» мемлекет басшылары жеткілікті. Адамзаттың ядролық қарудан өз еркімен бас тартуының алғашқы өнегесін тұңғыш рет біздің Президентіміз көрсетті. Бұл – көшбасшысы мен халқы бірлесе отырып ядролық қарусыз мәртебеге таңдау жасаған әлемдік тәжірибедегі ең алғаш және бірегей жағдай. Ең бастысы, бұл таңдау мемлекет дамуының тұрақты стратегиялық желісіне айналды. Мәселен, республика тұтастығын нығайту бағытында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы, елорданы Ақмолаға көшіру, мемлекет билігін өркениетті түрде жаңа басшыға тапсыру сынды маңызды шешімдер Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зайырлы да салмақты саясатының заңды жемісі деуге тұрарлық.
Мынаған назар аударғым келеді. Көбіміз күнделікті қым-қуыт тіршілік қамымен жүріп, жақсы өзгерістерді солай болуы қажет сияқты қабылдаймыз. Көптеген ұстанымдардан байқалатын Қазақстанның әлемдік үдерістердегі көшбасшылық рөлін де өзгеше болуы мүмкін еместей көреміз. Ал, шындап келгенде, қарапайым үдерістер іспетті көрінетін мұндай ахуалдың астарында Тұңғыш Президент – Елбасы Назарбаевтың және оның серіктерінің орасан зор қайраты, жанқиярлық еңбегі жатыр. Ендеше, бірбіріміздің жақсылығымызды, артықшылығымызды бағалай білуге машықтанғанымыздың айыбы жоқ.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы.