Тәуелсіздіктің ажырамас бөлігі

Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отырмыз. Бұл мереке – егемен еліміздің жаңа тұрпатта қалыптасып, өркендеуінің ғана емес, осы жолда атқарылған әрбір істер мен шыққан белестердің де мерейі. Осы тұрғыдан келгенде, тәуелсіздігіміздің ажырамас бір бөлігі болып қалыптасқан мемлекеттік рәміздерді айналып өте алмаймыз. Өйткені, рәміздер елдің өзіндік өмір салтын, болмыс-бітім ерекшелігін, өзгелермен байланыс орнату мұратын білдіретін айрықша белгі болып табылады.

Кез келген тәуелсіз мемлекеттің өзіне тән рәміздері болады. Қазақстан да өз егемендігін жария­лап, Тәуелсіздік декларациясын қабылдағаннан кейін, күн тәртібіне мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесін қойды. Сөйтіп, 1992 жылдың 4 маусымында еліміз­дің тұңғыш рәміздері қабылданды. Жас тәуелсіз мемлекетке басты нышандарын қабылдау, әрине, жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар аса жауапты істі жан-жақты ізденіс­пен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен, 1992 жыл­дың басында Жоғарғы Кеңестің Төрал­қасы мемлекеттік символи­каны дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабыл­дады. Осы құжатқа сәйкес, арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына бел­гілі заңгерлер мен қоғам қайрат­керлері кірді.

Ұйымдастыру шарасы тиянақталғаннан кейін Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушыларға да үлкен талаптар қойылды. Мемлекеттік рәміздер, тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды. Бұл талап үміткерлерге тосқауыл бола алмады. Егемен еліміздің басты нышандарының жобаларын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысқан екен. Оның ішінде мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектер саны 1200-ді құраса, Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты.

Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Елбасының рөлі ерекше болғанын атап өтуіміз керек. Термин сөздердің қазақ тілінде пайдаланылуына баса назар аудар­ды. Соның нәтижесінде «Елтаңба», «Әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданылып жүр.

Еліміз тәуелсіздік алғанына биыл, міне, 30 жыл толып отыр. Содан бергі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да сан рет шырқалды. Көк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарында, Арктика мен Антарктида да желбіреді, тіпті, ғарышқа да жеткізілді.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік рәміздер –  ел тәуелсіздігінің ажырамас бөлігі. Сондықтан, қазақстандықтардың рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді.

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,

Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы.