Тәуелсіздік құрдасымын
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы. Ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Жәнібек пен Керейдің керген керегесін кілем үсті көтеріп, қолда тұрған аманатты сақтау бізге артылған басты міндет. Бейбіт күнді армандап, от пен оқтың ортасында ғұмыр кешіп жатқан жұртты көргенде, азат елдің ашық аспанының астындағы мамыражай өміріме шүкір деймін.
Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын. Егемендіктің таңы атқан жылы дүниеге келіп, елдің дамуымен бірге өсу – ерекше сезім, зор жауапкершілік. Азаттық маған алаңсыз балалық шақ сыйлады. Ешкімге жалтақтамай, үздік білім алуыма жол ашты. Соның арқасында №1 Ұлытау орта мектебін «Алтын белгіге» тәмамдадым. Сонымен қатар, Тәуелсіздік маған таңдау мүмкіндігін берді. Өзім қалаған мамандыққа, өзім армандаған оқу орнына қабылдандым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетінде, сондай-ақ, магистратурада мемлекеттік грант негізінде білім алдым. Бүгінде тәуелсіз елдің тәуелсіз басылымында қызмет етемін. Егемендіктің жарқын көрінісі ретінде елімізде ой еркіндігі мен ашықтықтың аксиомасы салтанат құрды. Осы орайда ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қанатты сөзі оралып отыр. «Журналистер санаға сақ, халыққа жақ болсын» деп айтқан болатын. Ойға серпіліс беретін, санаға сәуле ұялататын осы тәмсіл талай тілшінің өмірлік темірқазығына айналды деуге болады. Газеттің әр санын баспаға жіберу – тағы бір аптаны тарих қойнауына шығарып салу. Ел тарихының, аудан тарихының жазылуына куәгер болу, басы-қасында жүру – мен үшін үлкен бақыт.
Журналистік қызметімнен бөлек, мен ең алдымен жар және анамын. Жолдасым – мемлекеттік қызметкер. Бейбіт күннің астында бесік тербетіп, егемен елдің бақшасына балаларымды апарамын. Бала тәрбиесіндегі басты ұстанымым – олардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру. «Еліңнің ұлы болсаң, ұлтыңа жанын ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығаюына, көркеюіне жан-тәніңді салып еңбек ет, жердің де, елдің де иесі өзіңсің» деген Елбасы сөзі тағы да бағдаршам болмақ. Ендеше, елдің өткені мен өнерінен хабары бар баланың осал болуға хақысы жоқ деп есептеймін.
Ата-бабадан қалған ұлан-байтақ жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз қазақтың рухының күштілігімен сақталды. Аманат – біздің қолда. Сенің, менің қолымда. Ендеше, сол жауапкершілікті сезініп, тәуелсіз елдің жастары деген атқа лайық болу – басты міндет. Біз, Қазақстан жастары биік болуға, бірге дамуға тиіспіз.
Альмира ОСПАН,
аудандық «Ұлытау» газетінің жауапты хатшысы.