Тәуелсіздік пен теңге – егіз ұғым
Еліміз дербес мемлекет атанып, азаттық шуағын сезінген кезде дүниеге келген ұлттық мақтанышымыз – төл теңге. Сондықтан, ұлттық валюта Тәуелсіз мемлекетіміздің символдарының бірі болып саналады. Яғни, бұл – экономиканы басқарудың, еліміздің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің басты құралы.

Бүгінгі Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің тарихы 1993 жылғы 12 қарашадағы «Қазақстан Республикасында Ұлттық валютаны енгізу туралы» Президент Жарлығынан бастау алады. Бұл – 1993 жылғы 15 қарашадағы құжатқа сәйкес, елімізде ұлттық валюта – теңге айналымға енгізілген күні ретінде тарихта қалды. Ал, теңгенің айналымға енуі Қазақстанның ұлттық нарықтық экономиканы құруға қажетті алғашқы қадамдарына зор мүмкіндік берді.
Теңге – заман талабына сай, әркез дизайны өзгеріп, қорғаныштық қабілеті жетілдіріліп отырған ұлттық валюта. Сол жылдардан бастап, ұлттық теңгеміз Қазақстанның дербес қаржылық, экономикалық жүйесін қалыптастырудың негізін қалады. Ұлттық валютаны енгізу арқылы нарықтық экономиканы құруға бағытталған құрылымдық өзгерістер де жеделдетілді. Әркез ұлттық валютаның құны ел экономикасының өсімімен белгіленіп жүзеге асып отырылды. Басқа валютаның қатынасына қарай құны да белгіленді. Өйткені, ұлттық теңге мемлекеттің тірегі, экономиканың дербес кепілі. Бүгінде Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге алғашқы айналымға енгізілген сәттен бастап, өзінің тарихи қызметін осы уақытқа дейін толығымен орындап келді. Ұлттық валютаның арқасында нарықтық қарым-қатынастар мен банк жүйесі оңтайлы дамып, оның тиімділігі артты. Нәтижесінде, Қазақстанның әлемдік экономикаға ойдағыдай енуіне, халықаралық деңгейдегі маңызды жобалардың іске асуына ықпал етті.
Негізінде, теңге – қазақтың төл сөзі. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл сөздің шығу төркіні тым тереңде. Тарихқа жүгінсек, ақша айналымы Ресей жерінен бірнеше ғасыр бұрын әуелі Азияда пайда болған деседі. Ендеше, орыстың «деньги» сөзі де осы теңгеден шыққан болуы мүмкін. Осыны тарихшы ғалымдар да айтады.
Қазіргі таңда теңгеміз – әлемдегі неғұрлым барынша қорғалған валюталардың санатында. Теңгені жасауда ең озық технологиялар пайдаланғаны мәлім. Соның нәтижесінде «дизайны жағынан өзге мемлекеттердің валютасынан оқ бойы озық» деген жақсы пікірлер біздің теңгеге жиі айтылады. Бұл – ұлттық теңгемізге әлем елдерінің берген бағасы. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің төл перзенті – ұлттық теңгеміз тұғырдан түспесін деп тілейік!
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
