Тәуелсіздік – ұлттың киелі тұмары
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап өткен ел Тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толғалы отыр. 1991 жылдың 16 желтоқсаны – Қазақ тарихының жылнамасына алтын әріптермен жазылып қалдырылуы тиіс тарихи оқиға. Өйткені, бұл күн – ұлтымыздың мойнында 70 жыл бойы ілініп келген бодандықтың бұғауы үзіліп, азаттықтың ақ таңы атқан күн! Сондықтан, ел Тәуелсіздігі – әрбір отансүйгіш қазақстандықтың жүрек төрінен мәңгілікке орын алатын қасиетті ұғым. Тәуелсіздік – ұлтымыздың киелі тұмары!
Иә, тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Десекте, бұл уақытты Қазақстан үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас бір дәуір деуге де болады. Әсілі, 1991- 2000 жылдар аралығы, әлемдік аренаға енді ғана шыққан. Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасу кезеңі болды. Осы онжылдықта Тәуелсіздіктің алғышарттары жасалды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен мемлекетіміздің рәміздері белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Қарулы Күштеріміз құрылып, шекарамыз ешқандай дау-дамайсыз мәңгілікке шегенделді. Ұлттық валютамыз – теңге айналымға енді. Семей ядролық полигоны жабылып, Қазақстан ядролық қару өндіріп-қолданудан бас тартты. 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Ата Заңымыз қабылданды. Ұлттық құндылықтарымыз – салтдәстүр, әдет-ғұрпымыз ортамызға қайта оралды. Қазақ тіліміз бен дәстүрлі Ислам дінінің мәртебесі жоғарылап, мерейі үстем бола бастады. Еліміздің ішкі және сыртқы саясаты тұрақталып, ауқымы кеңейді. Алыс та жақын шетелдермен алысберіс, барыс-келіс артты. Ел астанасы ару-Алматыдан Арқа төсіне, ерке Есілдің жағасына көшіріліп, өте қысқа мерзімде Бас қалаға айналды. Елордада талай-талай әлемдік деңгейдегі басқосулар мен алқалы жиындар, саммиттер мен құрылтайлар, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар өткізілді. Осының бәрі Тәуелсіздіктің жемісі еді.
Тәуелсіз Қазақстан әлемдік аренаға шыққан 30 жыл ішінде дамудың даңғыл жолына түсті. Еліміздегі Одақ тараған қиын-қыстау шақта тұралап қалған барлық халық шаруашылығы салалары (ауыр және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы) қайта жанданды. Алыс-жақын шетелдермен іскерлік, сауда-саттық байланыстар орнатылып, тауар айналым жақсы жолға қойылды. Қазақстанның мәдениет және спорт саласы дамыды. Әлемдік деңгейдегі ірі-ірі байқаулар мен байрақты бәсекелерде қазақстандықтар топ жарды. Республикада ұлтымыздың ұлы тұлғаларын (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биді, Абайды, Алаш арыстарын, әл-Фараби) ұлықтау дәстүрге айналды. Асыл дінімізбен қайта қауышқан жәмиғат, ірі қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда ашылған мешіттерге еркін бара бастады. Білім беру саласы кеңінен қанат жайды. Қалаларда қазақ мектептері көптеп ашылып, ұлттық тәрбие жанданды. Елдегі медицина саласы өркендеп, халыққа медициналық көмек көрсету жақсарды. Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық хал-ахуалы біршама түзеліп, қалалықтардың өмір сүру сапасымен теңесті. Қорыта айтқанда, қазақстандықтар үлкен табандылықпен, асқан шыдамдылықпен қолы жеткен Тәуелсіздіктің игілігі мен шапағатын көруде. Әлемнің ең озық елдерінің қатарынан орнықты орын алуды мақсат тұтқан тәуелсіз Қазақ елінің алар асулары әлі алда. Тек еліміз аман, Отанымыз тыныш болсын деп тілейік, ағайын. Тәуелсіздігімізді ұзағынан сүйіндіргей!
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ