Тәуелсіздік – киелі ұғым

Халқымыздың ғасырлар бойы аңсап жеткен Тәуелсіздігі – бабалардың арманы болған, ұрпағының қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Әлемде екі жүзге тарта тәуелсіз мемлекет бар. Олардың өз тілі, діні, ділі, салты мен дәстүрі, ғұрпы, мәдениеті дамыған. Оған қоса ішкі және сыртқы экономикасы да қалыптасқан. Біздің еліміз сол бақытты мемлекеттер қатарында болғанына шүкірлік етеміз.

Қазақстан – өз Әнұраны, Елтаңбасы, Көк байрағы мен ұстанымы бар зайырлы мемлекет. Еліміздің тәуелсіздіктің бесігінде тербелгеніне – 30 жыл. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес ел болды. Бұл – көктен түскен, я жерден өніп шыға қалған оңай олжа емес. Бүгінгі еркіндігіміздің құны ел мен жердің тұтастығы үшін күн-түн қатып ат үстінде ғұмырын өткізген бабалар күресімен, ақылды хандарымыз бен арналы би-шешендеріміздің ел үшін басын бәйгеге тіккен ерлік жолдарымен, алаштықтардың азаматтық үнімен, сол рухтың жаңғырығындай болған қайраткерлеріміздің батыл қимылымен, желтоқсандықтардың асқақ рухымен өлшенеді. Бұл жолдың шежіресі аққан қанмен, маңдайдан тамшылаған термен жазылған. Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.

1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздің егемендігі туралы пәрменді құжат қабылданды, сырт елдер Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек еді. Ол оның ішкі және сыртқы саясаты, экономикасы, ақшасы деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тірелді. Аталған құндылықтарға қол жеткізуді отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз астанасын да бекітті. Тіпті бүгінде Елордамыз арман қалаға айналды. Апортына бүкіл ел сүйсінген Алматының өзін мәдениет пен әдебиеттің қаласына айналдырды. Өзінің ішкі туризмі, теңгесі, ұзынсонар қара жолдары тарамдалып жатты.

Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап, бабаларымыз өмір сүрген дәуірлердің белгісін танығандай боламыз. Қанды қырғын шайқастарды, қазақтың жеке хандығын құру жолындағы әрекеттерді, ұлтазаттық көтерілістерді, елді жүдеткен аштық пен қуғын-сүргінді ойша салмақтай отырып, тәуелсіздіктің қандай керемет ұғым екенін сезінесіз.

Халқымызда «кие» деген сөз бар. Оның мәнін жан-тәніңмен түсіну қажет. Біз сөз етіп отырған тәуелсіздік – киелі ұғым. Қазақ киелі деп танығанын кір қолымен ұстамаған, жаманат сөз айтпаған, ақ матаға орап төріне іліп қойған, не болмаса сандығында сақтаған. Біз Ел Еркіндігі деген бақытқа солай қарауымыз қажет.

Елдің еркіндігін аңсау бар, оған жету бар және оны ұстап қалу деген жауапкершілік бар. Үш түрлі кезеңнің үш түрлі тарихы бар. Біз дәл осы кезеңдердің үшіншісіндеміз. Яғни, келешекке бастаушы, келешекті жасаушы ұрпақпыз. Ендеше қолда бар алтынның қадірін білу, оны келесі бір дәуірге аманаттау және жеткізу – мойнымыздағы парыз.

Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды», – деп айтқаны жадымызда.

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері өзінің іргелі ел екендігін айғақтағаны, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – оның еркіндікті сүйгіш мінезі мен асқақ рухының арқасы. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – ықылым замандардағы ғұн, сақ, қаңлы, қыпшақ дәуірлерінің, Алтын Орда мен Керей мен Жәнібек шаңырағын көтерген Қазақ хандығының жалғасы. Демек, біз – ен даланың егесі болған рухты, жасампаз жұрттың мұрагеріміз. Меніңше, бүгінгі тәуелсіздікті баянды етпек болған ұл мен қыздың әрқайсысының жүрегінде осындай ұстаным мен ұран бекіп тұруы керек.

Бір сәт көз алдымызға мына бір көріністі елестетіп көрелікші. Ел үшін, жер үшін кеудесін оққа тосқан ер бабалар, майданға аттанған балаларының тілеуін тілеп, көз жасын сүрткен жаулығының ұшы сарғайған аналар, жау шауып өткен жерде шашылып қалған шаңырақ пен бел ағашы сынған бесіктер, ашаршылық уақытында сүйегін сүйреп, талғажау етер дәнге зар болып келе жатқан сорлы жұрт, ұлтым деп ұран көтергендігі үшін темір торға тоғытылған, ит жеккенге айдалып, ит құрлы құны болмай атылып кеткен азаматтар, қорқынышпен атқан таң, өкінішпен батқан күн, өксігі өкпені қарыған жылдар. Осының бәрі – біздің халқымыздың тарихына қатысты айтылатын көріністер. Осының бәрі Тәуелсіздіктің қандай ыстық дүние екенін, қандай ерлікпен келгендігін ұқтырғандай болады. Осыдан кейін оның құнын қалай бағаламайсың?!

Егемендіктің арқасында зерттеуші-тарихшылар мен жазушылардың жазбаларынан өткен тарихымыздан көптеген мәліметтерді оқып, танысудамыз. Қазақ халқы соңғы ғасырдың өзінде небір нәубеттерді басынан өткізгенін білеміз.

Менің бабаларым соңғы үш ғасырда, қазіргі Жезқазған қаласы орналасқан Кеңгір өзенінің бойында қоныстанған. Мал бағып, егін егіп тіршілік кешкен. «Ашаршылық» деп аталатын сол бір алапат жылдар қаншама шаңырақтың отын сөндіріп, туырлығын тіліп, түндігін жабусыз қалдырып кетті. Одан бөлек «халық жауы» деп қолдан дұшпан жасап, ел арасындағы көкірегі ояу, көзі ашық адамдарды жазықсыздан-жазықсыз атып жіберген сол бір нәубетті жылдар әлі күнге дейін ұмытылмай, жүрекке түскен қара дақ болып келеді. «Халық жауы» деген жаламен әкем Нұрмағанбет аязы бетті қарыған суық Сібірде 10 жылын өткізіп, соғыс аяқталған тұста, аман-есен елге оралады.

1930-1940 жылдары аталарым қоныстанған ауылға Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жиі келіп тұрған. Қаныш аға: «Жезқазған даласында мыс кенінің мол қоры бар екенін, алдағы уақытта табылатын әлі де көптеген басқа да кен байлықтары көп екенін айта келе, енді шамалы жылдары осы жерде үлкен қала болады», – деген екен. Ғұлама ғалымның айтқаны келді. Қазақстан картасында Жезқазған және Сәтбаев қалалары пайда болды. 1950- 1970 жылдар қанаттас жатқан Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының бой көтеріп, қарқынды дамыған кезеңі болатын.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының орта тұсынан Кеңес үкіметінің  экономикасы шатқаяқтай бастады, оның аяғы алып империяның күйреуіне алып келді. Нәтижесінде қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданған сол бір тарихи күн, яғни, 1991 жылдың 16 желтоқсаны – жаңа тарихымыздың бастауы, алтын әріптермен таңбаланған беті. Әлемдік саяси картаға тағы бір өзгеріс еніп, дүниеге Қазақстан Рспубликасы деген тәуелсіз мемлекет келді.

Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы он жылы да оңай болған жоқ. Өндірістік-экономикалық байланыстардың үзілуіне байланысты Тәуелсіз Қазақстан әдепкі жылдары бірқатар қиындықтарға ұшырады. Электр энергиясының шектелуінен, қажетті шикізаттың жетіспеушілігінен өндіріс ошақтары ырғақты жұмыс атқара алмады, соның салдарынан бірқатар мекемелер жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Жұмысшылардың жалақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы, оқушы-студенттердің шәкіртақысы уақытылы төленбеді. Дүкен сөрелері күнделікті тіршілікке пайдаланатын азық-түлік және басқа да тауарлардан босап қалған кезеңді аға буын бастан өткерді. Біз бұл қиындықтарды бастан өткере жүріп, төзе жүріп, ауыртпалықты еңсере білдік.

Біз тұрып жатқан аймақтың тыныс-тіршілігі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің ырғақты жұмыс атқаруына тікелей байланысты. Бүгінгі күні «Қазақмыс» қанатын кеңге жайып, әлемге әйгілі компанияға айналды. Ақтоғай, Бозшакөл, Нұрқазған кен-байыту комбинаттары салынып, іске қосылды. Жаманайбат, Шатыркөл, Ақбастау, Қосмұрын, Жыланды рудниктері мыс кенін өндіруде. «Қазақмыс Барлау» ЖШС жаңа кен орындарын ашу жолында қарқынды жұмыстар атқаруда. Геологтардың мәліметі бойынша, Жезқазған рудниктерінде бір миллиард тоннадан аса құрамында мысы аз кен рудалары бар. Корпорация басшылары кедей рудадан таза мыс пен тағы басқа бағалы металдарды гидрометаллургиялық тәсілмен өндірудің жолдарын қарастыруда. Бұл – аймағымызда таза мыс және басқа да бағалы металдарды өндіру жұмыстары әлі бірнеше ондаған жылдарға жетеді деген сөз. Бір аймақтың ғана емес, бүтіндей Қазақстанның әл-қуатының нығаюына ықпалы зор түсті металл өндірісінің ғұмыры ұзақ деген сөз.

Корпорация басшылары аймағымыздың әлеуметтік дамуын назардан тыс қалдырмайды. Былтырғы жылы көпбалалы отбасыларына 133 пәтер сыйлады, осы игі істер жалғасын табады деп сенеміз. Қанаттас Жезқазған және Сәтбаев қаларында соңғы жылдары көптеген тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің салынып, толықтай іске қосылуы «бұл аймақтың болашағы зор» деген үмітті ұялатады. Алдағы уақыттарда Жезқазған-Ұлытау өңірі туризмнің күретамырына айналады деген үмітіміз де зор.

Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп, дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да, тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген құштарлығын мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жүйе жоя алмаған тіліміз, дәстүрлі дініміз, мәдениетіміз бар. Бұлар тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол – қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол – тәуелсіз Қазақстан», – деген сөзін еске алмасқа болмайды.

Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, дамушы, Азиядағы ең бір қуатты, дүниежүзі бойынша айрықша орын алатын, әлемнің барлық еліне белгілі, көпұлтты мемлекет. Бүгінде біз кеудені кере «тәуелсізбіз, еркінбіз, азатпыз» деп мақтанышпен айта аламыз. Ел бақыты деген – осы.

Табаның тиген топырақ, тіпті, оның шаң-тозаңы, еңкейіп қолыңа алған қиыршық тастарының өзі не деген жақұт десеңші! Өйткені, ол – қарыс қадам жері үшін қан төккен, тер төккен, бел шешпей күрескен туған жеріңнің топырағы мен тозаңы, тасы. Олар – тәуелсіз жерімнің, «менің жерімнің» байлығы.

Мен ашық аспанында қыраны еркін самғаған елдің тәуелсіз тұрғынымын. Ұшы-қиыры жоқ, шетіне көз ұшы жетпейтін жерімнің бар екеніне, сол жерде өз тағдырына өзі еге болған елімнің бар екеніне шүкірлік етіп, түтіні түзу шыққан әрбір үйдің бейбіт көрінісіне қарағанда кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. «Туған жерім, туған топырағым, менің Отаным» деп мақтанатындай мемлекеті жоқ, ұлтарақтай жерге зар болып жүрген халық қаншама?! Ата қонысынан үдере көшіп, елге, жерге деген иелік ету тізгіні бөтен жұрттың қолында кеткен тайқы тағдырлы жұрт қаншама?! Міне, біз қолда бар бақытымыздың құнын осы тұрғыда бағалауымыз қажет.

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Егемен Қазақстанның таңы нұрлы, елінің еңсесі биік болып, көк аспанның астында қасиетті Көк туымыз мәңгі желбіресін!

Төлеген БҮКІРОВ,

Қазақстанның Құрметті металлургі,

Қарағанды облысының,

Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.