Тәуелсіздік күнгі салтанат
Төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге 29 жыл толды. Біле білсек, осы Тәуелсіздік сөзі – ғажайып ұғым, қастерлі сөз. Оның тұңғиығында ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, азаттық жолында құрбан болған талай-талай боздақтардың аманаты жатыр. Сол бабаларымыздың асыл арманынан туындаған Тәуелсіздікке 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол жеткіздік.
Міне, содан бері еліміз азат, тұғырымыз – Тәуелсіздік! Осы тәуелсіздіктің арқасында еліміз өзге дербес елдермен терезесі теңесіп, керегесі кеңейді. Сондықтан, бұл күн Алаш баласының үкілеген үміті орындалған күн. Қазақ жерінің көк аспанында азаттық туы желбіреген күн!
Осындай ұлық мерекені ұлытаулықтар да аудандық Мәдениет үйінде атап өтіп, мағыналы жиын Әнұранның шырқалуымен басталды. Әуелі мінберге аудан басшысы Берік Әбдіғалиұлы шығып, жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жүрекжарды тілегімен бөлісті.
Өз кезегінде аудан басшысы бірқатар азаматтарға түрлі деңгейдегі марапаттарды тапсырды. Алдымен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 3 желтоқсанындағы Жарлығына сәйкес, медицина саласының ардагері Қаражігіт Әбдірахмановты «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Мемлекет басшысының 2020 жылдың 14 қыркүйегіндегі Жарлығы бойынша «Бекетай-баба» шаруа қожалығының жетекшісі Бағдат Бекетаевты «Халық алғысы» мерекелік медалімен, аудандық «Нұр Отан» партиясының сектор меңгерушісі Дана Баймағанбетованы «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
Бұдан кейін де марапаттау рәсімі жалғасып, республикалық «Туған жер» қазақстандық өлкетанушылар бірлестігінің басқарма төрағасы Берік Әбдіғалиұлы тағайындаған «Үздік өлкетанушы» төсбелгісімен туған өлкенің тарихын зерттеуде сіңірген еңбегі үшін Батырбек Мырзабеков пен Мағзұмбек Машайықов марапатталды. Сол күнгі салтанатты шара аясында аудандық мәслихат сессиясының шешіміне сәйкес, Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров, «Ұлытау қыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рахыш Нәшкенова, жергілікті кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Шаяхмет Үмбетов «Ұлытау ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл қуаныш иелерін Б.Әбдіғалиұлы құттықтап, арнайы куәлік пен төсбелгісін табыс етті.
Марапаттау рәсімі одан әрі жалғасып, аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов өңірдің бірнеше азаматтарын түрлі деңгейдегі марапаттармен марапаттады. Ауылшаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен – Ұлытау селосының шаруа қожалығы иегері Қорғабай Күлшариповты, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің Алғыс хатымен – аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Айболат Рахманияны, облыстық Дін істері басқармасы басшысының Алғыс хатымен – аудандық мешіттің Бас имамы Жанболат Рахымбердиевті марапаттады. Сондай-ақ, ауданның экономикасы мен мәдениетін дамытуға белсенді түрде үлес қосып жүрген түрлі сала қызметкерлері де құрмет биігінен көрінді. Оларға аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары берілді.
Осы орайда, волонтерлерге де Ұлытау ауданы әкімінің алғысын аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев жеткізіп, лайықты сый-сияпат жасады. Бұдан бөлек, салтанатты шара аясында Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің Ұлытау ауданы өкілдігінің төрағасы Шаяхмет Үмбетов пен аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльмира Ершұманова түрлі аталымдар бойынша сала қызметкерлері мен басқа да азаматтарға марапаттарын табыс етті.
Салтанатты жиын соңынан жиналған жұртшылық аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген мерекелік концертті тамашалады.
Жалпы айтқанда, азаттық мерекесі халықтың бірлігін бекемдей түсіп, Тәуелсіздік жолындағы жетістіктерімізді паш етуге негіз болды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ