Түсіндіру жұмысы – тиянақты
Еліміздегі «Ауыл аманаты» жобасын халыққа түсіндіру жəне мағлұмат беру мақсатында құрылған топтар ел ішіне шықты. Осындай кездесудің бірі Ұлытау ауданының орталығындағы мəдениет үйінде өтті. Мобильді топ жұмысының басты мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанжақты қолдау көрсету, тұрғындарды агробизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігі мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мəселелерді шешу. Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие, ауыл шаруашылық техникасы мен құрылғылар алуға жəне кооператив құруға құжаттар рəсімдеуге мүмкіндік тудыру.
Айта кетерлігі, несие 18 жастан бастап, 55 жасқа дейінгі жастағы ауыл тұрғындарына беріледі. Бұл несие 5 жылға немесе мал шаруашылығы бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге берілмекші. Осы бағдарлама аясында мобильді топтар «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр.
Маңызды мəселелер қарастырылған жиынға «АМАNАТ» партиясы Ұлытау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Думан Жұманов, аудандық мəслихат депутаты Жарқынбек Бөлендин, аудандық кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек Жандарбеков, ауыл тұрғындары мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында «Ауыл аманаты» жобасы туралы кең сипатты түсініктеме беріліп, алғышарттары жайлы ақпарат ұсынылды. Тиісінше, «еркін микрофон» арқылы қатысушылардың пікірін тыңдауға да ден қойылды.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, аудандық мəслихат депутаты Жарқынбек Бөлендин ауыл шаруашылығы саласындағы өзінің мол тəжірибесіне сүйеніп, аталған жобаға тың идеялар қосты. Ал, аудандық кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова несие шарттарына байланысты көптің көкейінде жүрген маңызды ұсынысты жеткізді. Олардың тарапынан түскен сауалдарға бизнес-тренерлер тұщымды жауаптар қайтарды. Бизнес-тренер Райхан Ешанова кездесуде көтерілген мəселелердің алдағы уақытта қаперге алынатынына сендірді.
Жиын түйінінде ұлытаулықтар жаңа әрі жағымды жобаны қолдайтындарын айтып, түсіндіру тобына алғыстарын білдірді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ