Тәртіптік шара қолданылады

Өңірдің əлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланған аппарат жиынында облыс əкімі Дастан РЫСПЕКОВТІҢ кейбір көрсеткіш бойынша дамудың теріс динамикасын көрсеткен қала-аудан əкімдеріне ескерту жасап, осы жылдың 11 айы бойынша тиісті тəртіптік шара қолданатынын атап өтті.

Өңір басшысы күн тəртібіндегі негізгі мəселелерге көшпес бұрын сала мамандарына облыстағы кей жанар-жағармай бекеттерінде орын алған отын тапшылығын қысқа мерзім ішінде шешу міндетін жүктеді. Сондай-ақ кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп басқармасына құзырлы органдармен бірлесіп, жанар-жағармай бойынша жасанды дүрбелең туындаған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сəйкес қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.
Бұдан соң аппарат жиыны күн тəртібіндегі мəселелерді талқылады. Онда 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек айындағы əлеуметтік-экономикалық даму жəне бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы, егін жинау науқанының аяқталуы туралы мəселелер қаралды.
Күн тəртібіндегі бірінші мəселе бойынша Ұлытау облысы экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Арынғазин əлеуметтік-экономикалық даму жəне бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы баяндады. Облыстық басқармалар мен қала-аудан басшыларының аталған тақырыпқа байланысты есебін тыңдаған өңір басшысы əлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің оң динамикасына қол жеткізу мақсатында резервті мүмкіндіктер қарастыруды тапсырды. Оған қоса өңір басшысы кейбір көрсеткіш бойынша дамудың теріс динамикасын көрсеткен қала-аудан əкімдеріне ескерту жасап, осы жылдың 11 айы бойынша тиісті тəртіптік шара қолданатынын атап өтті. Облыс əкімі сонымен қатар бюджеттік бағдарлама əкімшілеріне тиісті қаражаттарды жыл соңына дейін сапалы игеруді міндеттеді.
Жиында сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жəне жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақбаян Сексенбаева егін жинау науқанының көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары болғанын жеткізді.
Күн тəртібіндегі екінші мəселеге орай облыс əкімі Дастан Рыспеков ауыл шаруашылығы техникасының тозу мəселесін азайту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасының, «Аграрлық кредиттік» жəне «Ұлытау əлеуметтік-кəсіпкерлік корпорациясы» сияқты қаржы институттарының жұмысын насихаттауды, түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.