Тәртіп сақшысы – тыныштық тірегі
Аудандық Мәдениет үйінде Ұлытау аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Ділмұхамедов тұрғындармен кездесіп, осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары жөнінде есебін берді. Есептік кездесуге аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудан прокуроры Рахымжан Рахатов, ауыл әкімі Талғат Әбжаппаров, мекеме басшылары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты.
Полиция басшысының мәлімдеуінше, биыл жалпы қылмыстардың саны былтырғыға қарағанда 31,5%-ға төмендеген. Өткен жылы мал ұрлығы 25 пайызға артса, қазір 8-9%-ға төмендегенімен әлі де бұл мәселе өзекті болып тұр екен.
Биылғы жылы осының алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің көмегімен қаңтар, ақпан айларында халықтың көп жиналатын орындарында, Ұлытау және Жезді кентіне кіріп-шығу жол бағыттарына арнайы 44 бейнебақылау орнатылыпты. Осының арқасында қылмыстың алдын алуға қауіпсіздікті қадағалауға мол мүмкіндік туыпты.
Жалпы 2021 жылғы есептік мерзім ішінде Ұлытау ауданында қарақшылық, бопсалау, бөтеннің мүлкін тартып алу, зорлау сияқты қылмыс түрлеріне жол берілмеген.
Бұдан кейін Руслан Рүстемұлы полиция қызметкерлерінің қатаң бақылауында тұрған мәселенің бірі ол заңсыз аң аулау екендігін де айтып өтті. Бүгінде заңсыз аң аулауға қылмыстық кодексте бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтып, ауыр санатты қылмыс түріне көшірілгенін еске салды. Қазір мал ұрлығы мәселесі Қазақстан Республикасы Президентінің жанында өткен кеңесте қаралып, барымташыларға да қатаң жаза қолданылатынын ескертті. Оның ішінде мал ұрлығы бойынша қылмыстық кодекске жеке бап енгізіліп, екінші бөлігінен жоғарғысы ауыр қылмыс санатына жатқызылып, бүгінгі күні барымташыларға еш жеңілдік берілмейтіндігін еске салды. Мәселен, бұрын барымташылар жәбірленушімен келісіп, татуласуына байланысты істер сотқа жолданбай қысқартылса, қазіргі таңда өзгерістерге және жауапкершіліктің күшейтілуіне байланысты қылмыстық істер қысқартылмай, соттың үкімімен ғана аяқталатындығын жеткізді. Бұл өзгерістер жалпы бөтен мүлігін ұрлау, мал ұрлығы, заңсыз аң аулау, зорлау, жасөспірімдерге қатысты жасалған және де басқа қылмыстарға тиесілі екенін түсіндірді. Осы заңдарға өзгеріс енгізілгенімен әлі біздің ауданда осы бағыттағы заңдылықты бұзып, қылмысты болып жатқандарды айтып өтті.
Есепті баяндамадан кейін аудан прокуроры Рахымжан Рахатов сөз алып, Ұлытау-Жезқазған бағыты мен көше ішіндегі автокөлік жүретін жолдарда ауыр техникаларға арнайы рейд жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, Ұлытау селосы ішіне қойылған камералардың іске қосылып тұруын талап етті. Бұдан кейін ауыл әкімі Талғат Әбжаппаров мал бағу жұмыстарын бірлесе ұйымдастыру керектігін айтса, еңбек ардагері Есенғали Әбжамалов ауыл тазалығына қатысты мәселені қозғады.
Кездесу соңында полиция бөлімінің атқарған жұмысына ауыл тұрғындары өз пікірін білдіріп, жиын қорытындыланды.
Жасұлан Аяшев