Тұрмысы түзелген – Терісаққан

Ұлытау ауданындағы Терісаққан – сан түрлі тарих пен еңбекке толы, талай қиындықты еңсеріп, бүгінде жаңғыру жолына түскен ауыл. Кеңес заманында егін шаруашылығымен танылған бұл елді мекен қазіргі таңда қайта түлеп, әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуы жедел қарқын алуда. Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көз жүгіртсек, көп нәрсенің оң бағытта өзгеріп жатқанын байқаймыз.

КӨШЕ ЖАРЫҒЫ – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

Терісаққан ауылында тұрғындардың
күнделікті тіршілігін жеңілдетуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – көше жарығын орнату. Ауылдың кіреберісіндегі Желдіадыр, Ұлытау
және Шеңбер көшелеріне 46 дана жарық бағандары орнатылды. Бұл жобаға аудандық бюджеттен 11 миллион теңге бөлініп, мердігер ретінде Шымкент қаласынан келген «Қуаныш Рай» компаниясы жұмыс атқарды. Кешкі уақыттағы қозғалыс пен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бұл – үлкен жетістік.

ЖОЛ ЖАҢАРЫП, ЖҮРІС ЖЕҢІЛДЕДІ

Ауыл мен елді мекендерді байланыстыратын жолдың сапасы – экономикалық және әлеуметтік даму кепілі. Қазіргі таңда «Терісаққан-Қоскөл» бағытындағы аудандық маңыздағы 45 шақырым тас жолда
ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жол төсемелерін көтеру, тегістеу және қосымша су ағарлар орнату секілді маңызды шаралар атқарылуда.
Бұл іспен «Constructive» ЖШС айналысып жатыр. Ауылдық округ әкімі Жантөре Ғазизұлының айтуынша, ең күрделі жерлерге ерекше мән беріліп, қажетті техника мен материалдар толық көлемде тартылған.

ЖАБЫҚ СПОРТ КЕШЕНІ –
ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ

Ауыл жастары үшін ерекше қуанышты жаңалық – жабық футбол алаңының құрылысы. Аудандық бюджеттен қаржыландырылған бұл нысан – заманауи талаптарға сай, көлемі 850 шаршы метрді құрайтын спорт кешені. Мұнда футболдан бөлек волейбол, үстел теннисі сынды ойын түрлерімен айналысуға мүмкіндік
жасалады. Сонымен қатар, түрлі мерекелік іс-шаралар өткізуге де қолайлы. Нысанның биіктігі – 11 метр, ұзындығы – 41, ені – 21 метр. Құрылыс жұмыстарын Шымкенттік «Нуреке Азия Бизнес» ЖШС атқаруда. Тамыз айында кешен іске қосылмақ.

ЖОҢЫШҚА – ЖАСЫЛ БАЙЛЫҚ

Ауылдың ауылшаруашылық бағыттағы дамуы да назардан тыс қалған жоқ. «Мұрагер» шаруа қожалығының жетекшісі, жеке кәсіпкер Еркеболат Бөрібаев 150 гектар жерге көпжылдық жоңышқа шөбін егіп отыр. Бұл бастама ауылда мал азығы мәселесін шешуге үлкен үлес қосуда. Еркеболаттың айтуынша, болашақта бұл егістікті суармалы жүйеге көшіріп, жылына үш рет өнім
алуға мүмкіндік болады. Қазір шөп табиғи жолмен екі рет шабылып, оның алғашқы бөлігі Жезді кентіндегі аз қамтылған отбасыларға тегін таратылған. Алдағы уақытта Қарсақбай мен Ұлытау ауылдарына да жеткізу жоспарланған. Коммерциялық бағытта тюк шөп 1500 теңгеден сатылуда.

ТҮЙІН

Қай өңірдің де дамуы – онда тұратын
халықтың белсенділігі мен елдік істерге деген сеніміне байланысты. Терісаққанның бүгінгі бет-бейнесі – мемлекеттік қолдау мен жергілікті халықтың өз ауылы үшін алаңдауынан туған оң өзгерістердің
жарқын көрінісі. Шағын ғана ауылдың тіршілігі көпке үлгі, келешегі кемел екенін көрсетеді. Терісаққан – бүгін дамып жатқан ауыл, ертең гүлденетін өңір.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.