Тәрбиеші мәселесі қалай шешіледі?
Бүгінгінің баласы үшін білімнің алғашқы баспалдағы балабақшадан басталады. Әйтсе де елде тәрбиеші мамандар тапшылығы байқалып отыр. Бала көбейген сайын, маман азайып барады. Бұған не себеп? Балабақша тәрбиешілер қалай іріктеледі? Бұл сауалдарға Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова жауап берді.
— Бүгінгі таңда айлық табысы аз болғаннан кейін, бұл мамандыққа қызығушылық төмен екені бәріне мәлім. Бұл төменгі айлыққа жұмысқа келіп, келісімшартқа қол қойғаннан соң олардың балаға қол көтеруге адамгершілік тұрғыдан, моральдық тұрғыдан ешқандай құқығы жоқ. Өйткені кез келген болашақ ана балаға олай жасамайды. Сондықтан мейірімді болу кез келген тәрбиешіні жұмысқа қабылдар кезде қойылатын талаптың біріншісі болмақ. Балабақша меңгерушісі алдымен осы қасиеттеріне мән беруі тиіс, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ спикер елімізде колледж бен университеттерде дуалды оқыту бағдарламасы бойынша бірқатар жоба іске асырылып жатқанын айтты.
— Балабақшадағы қазіргі өзгерістерді 3 – 4 курстағы студенттерге тәжірибе жүзінде көрсетіп, оларды қызықтыру арқылы жұмысқа қалдыру мәселесі қолға алынып жатыр, — деді Адамова.
Манара Адамова тәрбиешілердің айлығы аз болса да, кезең-кезеңімен көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар тәрбиешілер педагог мамандар секілді аттестациядан өту арқылы санаттарын көтере алатынын айтты.