Тұрғындар тілегі орындалды

Қызылүй елді-мекені Ұлытау селосының іргесінде орналасқан шағын ауыл. Осы ауылдың 300 метрдей жолы автокөлікпен жүруге қолайсыздау еді. Әсіресе, қыс-көктем мезгілдерінде тұрғылықты халық пен ауыл жанындағы шаруа қожалықтары өткелдің болмауы салдарынан көп қиындық көретін. Кеше алдыңғы аптада құрылыс жұмысы басталғанаспалы көпір толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Көпірдің ашылу рәсіміне аудан басшысы Советбек Медебаев қатысып, құрылыс жұмыстарының сапалы аяқталғанына ризашылығын білдірді. Бұдан кейін ауыл ақсақалдары Есенғали Әбжамалов, Ыбрахым Байболов жылы лебіздерін айтып, аспалы көпірдің лентасын қиды.

Бір байқағанымыз, аспалы көпір елдің көңілінен шығатындай сапалы етіліп жасалынған. Көптен күткен күрделі мәселенің бүгін оң шешімін тапқанына елді мекен тұрғындары да дән риза.

Жасұлан АЯШЕВ