Тұрғын үй сертификаттары кімге тиесілі және оларды алу үшін Қарағандыда қайда жүгінуге болады?
Тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы төлемді жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары беріледі. Олар ортақ табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген көрсеткішінен аспайтын әлеуметтік топтарға беріледі. 2021 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 302 теңгені құрайды. Көмек сомасы — тұрғын үй құнының 10%-ы, бірақ миллион теңгеден аспайды.
Тұрғын үй сертификаты келесі санаттарға беріледі:
— мүгедек балалары бар немесе сондай бала тәрбиелеп отырған отбасыларға (жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй алуға кезекте тұрғандарға);
— «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға, (жергілікті атқарушы органдарында тұрғын үй алуға кезекте тұрған) көп балалы отбасыларға;
— толық емес отбасыларға (жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй алуға кезекте тұрған).
Тұрғын үй сертификатын алу үшін Поспелов көшесі, 16, 10-шы кабинет мекенжайы бойынша орналасқан Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіну қажет. Жұмыс кестесі: дүйсенбіден жұмаға дейін 09:00-ден 18:30-ға дейін, түскі үзіліс 13:00-ден 14:30-ға дейін. Анықтама телефондары: 56-72-27.
Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға жүгінуге болады.