ТҮЙТКІЛІ МОЛ КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ немесе орынды сауалға – орнықты жауап

Ауданда ауызсу мен электр энергиясының үзіліссіз берілуі – ең өзекті мәселе. Талай жыл айтылып, жазылып келе жатса да, «жыры» әлі бітер емес. Тұрғындар тарапынан айтылар сын, өкпе-реніш көп. Бұл салаға жауапты – аудандық көпсалалы коммуналдық кәсіпорыны. Олардың халыққа қызмет көрсету аясы қаншалықты кең болса, иықтарындағы жауапкершілік жүгі де соншалықты салмақты. Қалай десек те, кәіпорын мен оның мамандарының қызметі тұрғындар көңілінен шыға алмай отыр. Неге? Жұртшылыққа тыншу таптырмайтын жайттардың жауабын білу мақсатымен аталған кәсіпорынның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Мақсұт СМАЙЫЛОВҚА жолығып, көңіл төріндегі сауалдарды көлденең тартқан едік.

– Мақсұт Шабазұлы, халықтың көкейіндегі сауалдарды қойсам, жалтармай, нақты жауап беруге келісесіз бе?

– Әрине, келісемін.

– Онда алыстан орағытпай, бірден сұраққа көшсек. Аудандық көпсалалы коммуналдық кәсіпорын электрқуатымен жабдықтаушы «КазЭнергоЦентр» мекемесіне 286 млн. теңге берешек екен. Меніңше, бұған тұрғындар кінәлі емес. Олар тиісті төлемақысын ай сайын төлеп отыр. Сонда бұл қарыз қайдан шықты? Осының жөн-жосығын өз аузыңыздан естісек…

– Сауалыңыз орынды. Шынында да, аудан электр қуаты үшін 286 млн. теңге қарыз. Оны жіктеп, тарқатып айтып беруге тырысайын. Ауданды электрмен жабдықтаушы – өзіңіз айтып отырған «КазЭнергоЦентр» мекемесі. Ал, бізге электр қуатын жеткізіп беруші – ЖРЭК кәсіпорыны. Біз оны 14 елді мекенге, мекемелерге таратамыз. Енді қарыз қайдан шығып отыр дейсіз ғой? Мәселе мынада, электр қуатымен жабдықтаушы «КазЭнергоЦентр» ток көздеріне жұмсалған есепті бізден алмай, ЖРЭКтің есептегіш қондырғысынан алып отыр. Бұл екі ортада үлкен айырмашылық бар. Жезқазғаннан Ұлытауға дейін тартылған ток көздері желісінен сол маңайдағы шаруа қожалықтары электр қуатын пайдаланып отыр. Бұл есепке алынып жатқан жоқ. Рас, бірлі-жарымды келісімшартқа отырған шаруа қожалықтары бар. Көбісі келісімшартқа отырмаған. Бұл – біздің кінәміз емес. Негізінде, олармен келісімшартқа отыру – тікелей «КазЭнергоЦентр» мекемесінің құзырында.

Екінші мәселе – ток көздерінің жоғалу себебі: біздің аудандағы электр желілерінің тозығы жеткен, ескірген. Сонау Кеңес одағы кезіндегі дүниелер. Ескірген сымдар электр қуатын бойларынан шамадан тыс өткізіп жібереді. Бұл мәселемен қазір аудан әкімдігі де шұғылдануда. Электр сымдарын жаңарту – басты қажеттілік. Техникалық тілмен айтқанда, АИ-35, АИ-25 сымдары айырбасталуы керек. Биыл біразын ауыстыру жоспарланып отыр.

Ал, жеке тұтынушылар, яғни, тұрғындар өздері тұтынған электр тогы үшін төлемақысын төлеп отыр. Алайда, бұл арада нақтыланған цифр жоқ. Неге? «КазЭнергоЦентр» мамандары әр тұрғынның үйіне барып, есептегіш қондырғысындағы көрсеткішінен есеп алмайды. Жобамен есептеп, төлем құжатына тіркей салады. Тағы бір айтайын дегенім, құрылыс алаңдарындағы мердігерлер, цехтағы кәсіпкерлер «КазЭнергоЦентр» мекемесімен келісімшарт жасаспаған. Бұлардың жұмсаған электр қуаты біздің кәсіпорынның мойнына ілініп отыр. Осындай артық шығындар коммуналдық шаруашылық кәсіпорынын қарызға батырды.

– Енді мұның соңы не болмақ? Тығырықтан шығу жолы қандай? Әлде, «Баяғы жартас, сол жартас…» қалпында қала бере ме?

 – Жоқ, олай болмауы тиіс. Биыл мамыр айында Ұлытау селосындағы подстанцияға жаңа құрылғылар орнаттық. Аудан орталығындағы 23 КТП-ға электр есептегіш қондырғыларын қойдық. Қазіргі уақытта ток көздері – бақылауда. Алдағы күндері елді мекендердегі подстанцияларға есептегіш қондырғылар орнатуға күш саламыз. Бұл мақсатқа аудан бюджетінен қажетті қаржы қарастырылған. Соны тиімді пайдаланып, кем-кетіктерімізді жөнге келтіріп жатырмыз. Дәл қазір ток нысандарының құжаттары рәсімделіп, ЖРЭК-тің балансына өткізуге дайындық жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі күні олардың біршамасы дайын. Түпкі меже – «КазЭнергоЦентр» мекемесіне берешегімізді толық жауып, ауданның ток жүйесін ЖРЭК-ке өткізу.

 – Үйде бір күн жарық жанбаса, адамның берекесі кететіні белгілі. Бізде жаңбыр сіркіреп, болмашы жел тұрса, сол жарық шіркінің «жалп» ете қалады. Мұның себебі неде?

– Жаңа айтып өткенімдей, электр бағаналарының сымдары босаған, тозығы жеткен. Бүгінгі күні соларды ретке келтірудеміз. Қатты жел соқса, ескірген сымдар үзіліп кетеді. Бағаналардағы шашкалар да мейлінше ескірген. Дауыл, борандардан кейін электр желілерін қайта жалғауға мәжбүрміз. Бұдан көрешекті өзіміз – кәсіпорын мамандары да көріп отырмыз. Оларды толықтай ауыстыру керек. Қазір біразы жаңартылды, әлі де ауыстыруға жататындары баршылық. Біз, сөздің тура мағынасында, қолқусырып, қарап отырған жоқпыз. Ауданның электр жүйесі ЖРЭКтің қарамағына өткенге дейін қолдан келген жұмыстың бәрін тынымсыз атқара беруге пейілдіміз. Сәті түсіп, электр жүйесі ЖРЭКтің құрамына өтсе, онда жағдай түзеледі.

– Ауданда түбегейлі шешімін таппай тұрған түйткілді жайттың бірі ауызсу мәселесі екендігі жасырын емес. Тұрғындар жиі шағымданады. Сол күйді бәріміз де басымыздан кешіп жүрміз. Бұл қашан реттеледі? Орынды сауалға қайтарар орнықты жауабыңыз бар ма?

– Иә, бұл мәселе – күрделі, алайда, біртіндеп ретке келуі тиіс. Шындығында, тұрғындардың реніш білдіретін жөні бар. Су жеткізу тұрбаларының шіруіне байланысты құбырлар жиі жарылады. Апатты тұстарды шамамыз келгенше жаңартуға әрекеттеніп жатырмыз. Алдағы атқарылатын жұмыс көлемі өте ауқымды. Қазір су беруді бір жүйеге түсіру үшін аудан орталығындағы әр көшені су құбыры жарылған жағдайда уақытша ажырататын дербес қондырғылар орнатып жатырмыз. Енді су құбыры жарыла қалса, сол көшеге берілетін су ағыны ғана тоқтатылып, басқа көшелерге су тежеусіз жеткізіле беретін болады. Бұл – біз үшін де, тұрғындар үшін де тиімді. Осы жұмыстарға аудандық бюджеттен тендерлік жүйе бойынша 11 млн. 399 мың теңге бөлінді. Оны ұтып алған мердігер қазір тиісті жұмыс көлемін атқаруға кірісіп те кетті.

– Мақсұт Шабазұлы, әсіресе, Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары ауызсуға қатты зәру. Қай-қайсымен де тілдесе қалсаң, амандық-саулықтан кейін айтатыны – ауызсудың зары. Олардың елден ерек мұндайға тап болуының себебі не?

– Оныңыз рас, Тәуелсіздік көшесінің тұрғындарынан шағым көп түседі. Ал, мәселенің мәнісіне үңілсек, бұл көшенің ауызсу жүйесі біздің кәсіпорынның балансына берілмеген. Әлі күнге дейін құжат дайындайтын тиісті мекемелер қажетті жұмысты жасамай отыр. Бертінде бой көтерген ықшам аудан ғой. Ал, әңгімені әріден бастасақ, бұл көшенің су жүйесі әу бастан дұрыс тартылмаған. Су құбырларын орнатқан мердігер көп қателік жіберген. Соның салдарынан тұрғындар су тапшылығын көріп отыр. Үнемі су құбырларынан ақау табылып жатады. Дегенмен, біз бұл көшеде бірыңғай жас мамандар тұратындықтан қолұшын беруге тырысып бағамыз. Жаз маусымында судың жетпей қалу себебі – басқа көшелердің тұрғындары бау-бақша суарады. Соның салдарынан Тәуелсіздік көшесіне су жетпей қалады. Біз суды бау-бақша суару үшін емес, ауызсу ретінде пайдалану үшін береміз. Қазір бау-бақшасы бар тұрғындар арасындатүсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Біразына суды ысыраппен пайдаланғаны үшін тежеу қойдық. Суды бей-берекет пайдаланатындар әлі де көп. «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтылмаған ғой. Осыны тұрғындар түсінуі керек. Қазір біз «Саламат» су қоймасын да іске қостық. Ол жерге су айдайтын 3 насос орнаттық. Бұрынғы су мұнарасына қосымша негізде 3 насос қойылды. Бүгінде 6 насос арқылы су жеткізіліп тұр. Сонда да Тәуелсіздік көшесіне су бірде жетіп, бірде жетпей қалады. Осы көшенің су жүйесін бір жүйеге келтіруді ойластырып отырған жайымыз бар.

– Жөн екен. Бүгінгі әңгіме көпшіліктің көңіліндегі күмән-күдікті тарқатуға септігін тигізер деген үміттемін. Сіздің бүкпесіз, ақжарыла айтқан сараптамалық сипаттағы сөздеріңізден кейін осылай дегім келіп-ақ тұр…

– Әрине, жұртшылықтың шынайы ахуалды бағамдай білгені дұрыс. Бәріміз жұмырбасты пендеміз ғой. Халыққа қызмет көрсету – жеңіл шаруа емес. Біз аянып жатқан жоқпыз. Бастысы – халыққа ақиқатты бүкпесіз айту, қолға алынған істер мен олардан күтілетін нәтижелер жөнінде құлағдар ету. Аудан әкімінің бізге қойып отырған талаптарының бірі – осы.

Десек те, бар кінәні қисынды-қисынсыз коммуналдық кәсіпорынға арта беруге де болмайды. Бұлай деуімнің себебі – жоғарыда айтылған жайттар. Осы орайда, тұрғындар кейде аяқасты атқару қажеттілігі туындаған жұмыстарға түсіністікпен қараса деген өтінішімді айта кеткім келеді. Мәселен, осы аптада аудан орталығына берілген су көлемі мардымсыз болғаны шындық. Су құбырларының біршама бөлігі жарылып жатқаны жасырын емес. Әбден ескірген тұрбалар ғой. 2000 жылы қолданысқа берілген су жүйесі болғандықтан, тозатын реті бар. Биыл су жүйесі толықтай жаңартылуы керек еді. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегендіктен, бұл шаруа келесі жылдың еншісіне қалып отыр. Бірақ, біздің кәсіпорын шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр. Аудан орталығынан басқа ауылдарда да күрделі мәселелер бар. Алдағы уақытта оларға да мақсатты негізде назар аударып, түйткілдердің түйінін тарқатуға талпыныс жасайтын боламыз.

 – Уақыт бөліп, сауалдарға нақты жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Қайрат ЖҰМАБАЙ.