Түйткілді тарқату – түбегейлі талап

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ ауданның коммуналдық саласына жауапты тұлғалар мен құзырлы құрылымдар басшыларының басып қосып, күн тәртібіне түйткілді жайттардың түйінін тарқату мәселесі қойылған кеңес өткізді.

Өзінің кіріспе сөзінде аудан басшысы күрмеуі көп саланың ертеден қордаланған мәселелерін біртіндеп қалыпты арнаға түсіру – бірегей талап екенін еске салып, сол мақсатта «жұмылған жұдырықтай» болу қажеттігін қадап айтты.

Ауданның көпсалалы коммуналдық шаруашылық мекеменің басшысы Талғатбек Серікбаев өздерінің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Қолға алынған рекеттердің тиімділігі, тындырымды іске тежеу болатын жайттар, кездесетін кедергілер мен өзге де көптеген мәселелерді тілге тиек етті. Алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.

Кеңесте аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Болатбек Есназаров және тиісті мекемелердің басқа да жауапты мамандары қаралған мәселеге қатысты ақпараттарын ұсынып, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салды.

Жиын барысында тұрғындарды ауызсумен қамту тақырыбы да қозғалып, кемшіліктерді жою жолдары талқыға түсті.

Советбек Тұрсынұлы ауданда электр жүйесі мамандарының тапшылығына қынжылыс білдірді. Мұны дереу ретте келтіру қажеттілігін атап өтіп, жалпы коммуналдық саладағы кемшін тұстарды оңтайлы жолға қоюға бағытталған іс-шаралар жоспарын жаңғыртып түзуді тапсырды. Соған байланысты қойылатын  біршама талаптарды нақтылап берді.

 Өз тілшімізден.