Тәңір жарылқаған әулет

Адам өзінің ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген, адамгершілік асыл қасиеттерімен, еліне еткен адал еңбегімен халықтың алғысын алып, абыройға бөленеді. Ондай жандарды Тəңір де жарылқайды. Ал Тəңір жарылқаған адамның басында бақ та, дəулет те, ырыс-береке де болады.

Осындай Тəңір жарылқап, бақ қонып, қыдыр дарыған, жақсылық ұрпағына тараған, шаңырағынан шаттық шалқыған, өркендеп, өсіп-өнген əулеттің бірі Оразалы Мусиннің əулеті. Еңбегімен ержетіп, талантымен халыққа танылған Оразалы бір атадан жалғыз болып өсті. Марқұм əкесі Мұса Лепесовпен көп жыл ауылдас болдық. Барып сəлем бергенде «Тəңір жарылқасын» деп бата беретін. Кім барса да беретін батасы осы. Оған біздің көңіліміз толмайтын, əлдеқалай дəмдес болсақ осы батамен дəм қайыратын. Біз «бұл кісі осы батадан басқа бата білмейді-ау» деп ойлайтынбыз. Ержете келе бұл екі-ақ сөзден тұратын батада барлық жақсылық тұратынын түсіндік. Тəңір жарылқаған адамда кемшілік болмайды екен. Мұса ақсақалдың ұрпағын тəңір жарылқады. Жалғыз ұлы Оразалы еңбегімен елді сүйсіндірген, өніп-өскен əулет болды. Ол өзінің туып-өскен ата-мекені Шеңбер ауылында ширек ғасырдан астам уақыт шопан болып еңбек етіп, жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, еңбегімен елді сүйсіндірді. Еліміз егемендік алып, Тəуелсіз мемлекет болғаннан кейін жекешелендіру саясатын қолдап, «Қызылшың» қыстағын алып, ата кəсібін жалғастырып, шаруа қожалығын құрып, балаларын ұйымдастырып, шаруашылықты дамытты. Бұл шаруашылық Шеңбер ауылында озат шаруашылықтың бірі болды.

«Əкеден бала туса игі, əке жолын қуса игі» деген Аралбай, Жаңабай, Балтабай сияқты балалары əкесінің кəсібін жалғастырып, шаруа қожалығын дамытуға лайықты үлес қосты. Оразалы жасы ұлғайғаннан кейін шаруа қожалығын ортаншы ұлы Балтабайға тапсырды. Əулеттің басқа мүшелері оған көмек көрсетіп отырды. Сөйтіп Балтабайдың шаруа қожалығы ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің үлесін қосты. Қазір мал басын өсіріп жеке шаруашылығын дамытып келе жатқан Балтабай Оразалыұлы ауылдастарына көмегін беріп, жерлестерінің алғысын алып, абыройға бөленуде. Оразалы мен Қамила он бала тəрбиелеп өсірді. Олардан 47 немере 57 шөбере сүйіп отырған өркендері өскен өмірдің қызық-қуанышын көріп келе жатқан ардақты ата мен абзал əже. Осыдан 64 жыл бұрын тіккен ақ отауы бүгінде ақ ордаға айналды. Балаларының барлығы егемен еліміздің əр саласында еңбек етіп, көпшіліктің құрметіне бөленуде. Ал Оразалы Мұсаұлы мен Қамила Күлəлқызы үпір-шүпір немере-шөберелерінің ортасында қызық пен қуанышқа бөленіп келеді.

Тəңір жарылқады деген міне осы. Біз ордалы отбасына бақыт, ырыс-береке тілейміз.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі.