Құтқарушы-сүңгуірлер Приозерск қаласында өткен тренингте өз тәжірибелерімен бөліседі

Приозерск қаласында сүңгуір-құтқарушыларды даярлау бойынша алғашқы халықаралық оқу-әдістемелік жиын өтуде. Оның ашылуына ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев пен Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбек қатысты.

Іс-шара 24 мамыр мен 5 маусым аралығында Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының қолдауымен және төтенше жағдайлар орталығының қолдауымен өтеді. 10 күн ішінде Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Қырғыз Республикасы ТЖМ нұсқаушы-мамандары тәжірибе мен дағдылармен бөліседі, кәсіби мәселелерді талқылайды және шеберліктерін шыңдайды.

Тренингке жедел-құтқару жасақтарының 35 қазақстандық құтқарушысы қатысуда.

– Ресей мен Қырғыз Республикасының ТЖМ әріптестеріне сүңгуірлерді дайындауға көмектескені үшін алғысымды білдіремін. Үздік тәжірибе мен білім алмасу әрқайсымыз үшін пайдалы болады деп үміттенемін, өйткені біздің алдымызда – адамдарды құтқару міндеті тұр, – деп атап өтті Ибрагим Күлшімбаев.

Жиын орны жайдан-жай таңдалған жоқ. Приозерск қаласының құтқару кешенінің Қазақстан аумағында баламасы жоқ. Заманауи жабдықтар апаттық-құтқару жұмыстарының барлық түрлерін толық көлемде жүргізуге мүмкіндік береді.

Станция 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда сүңгуірлік және суда құтқару жабдықтары мен керек-жарақтарының жаңа үлгілері, заманауи жүзу құралдары бар. Терең су бассейні су асты жұмыстарын орындау дағдыларын пысықтауға, сүңгуірлік жарақтар мен жабдықтарды тексеруге және сынауға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке су астындағы түрлі тренажерларда сүңгуірлердің әрекеттерін видеожүйе бойынша қалай қадағалауға болатыны көрсетілді. Бұл жағдайда су астындағы бейне түсіру және жарықтандыру қолданылады.

Станция сонымен қатар барокамерамен жабдықталған. Құрылғылар тек жаттығулар мен біліктілік сабақтары үшін ғана емес, ағынды-декомпрессиялық камера сүңгуірлердің ауруларын, оның ішінде өкпе баротравмаларын, улануларды емдеуге мүмкіндік береді.

– Балқаш көлінің акваториясындағы заманауи құтқару кешенінің аумағында сіздерге құрлықта және суда автоматизмге дейін оқып, жұмыс істеуге мүмкіндіктеріңіз барына қуаныштымын. Шомылу маусымы басталар алдында бұл аса қажет. Адам өмірі сіздердің дайындықтарыңызға, өзара іс-қимылдарыңызға және жеделдіктеріңізге байланысты, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Тренинг қорытындысы бойынша Қазақстан ТЖМ 24 сүңгуірі біліктілігін арттырады және оларға «мамандандыру 1-2-ші тобының 3-ші сыныбының сүңгуірі» санаты, 10 сүңгуірге оларды одан әрі оқытушы ретінде тарту үшін сүңгуірлік іс нұсқаушыларының біліктілігі тағайындалады.