Сырдың ұланы – Ұлытаудың қыраны
Ол өзінің 70 жылдық мерейтойын Жезқаланың төрінде дүбірлетіп өткізуді жоспарлаған еді. Мерейтойына арналған жаңа жинағының тұсаукесерін сол той үстінде өткеруді межелеген болатын. «Адамның емес, Алланың дегені болады» дегенді бабалар бекер айтпаған… Аңқылдаған ақынның шығармашылық кешінің орнына еске алу кеші өткізіліп, дүбірлі тойдың орнына рухына арналған ас беріліп, дұға бағышталды…
Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрында өткен «Адамдар арман қуған алданбайды» атты еске алу кеші арда азамат, қарымды қаламгердің бейнесі бізбен бірге жасай беретінін айғақтады. Шынымен де ақын өлмейді, өзі өлгенмен, сөзі жасай береді… Кешке жиналған қауым назарына қаламгер өмірі мен шығармашылығы жайлы әзірленген бейнефильм ұсынылды. Оның шынайылығы мен тартымдылығы соншалықты, жұртшылық бір мезет мұңға батса, бір сәтте риза пейілмен дуылдата қол соғып отырды. Театрландырылған көрініс пен әдеби-поэтикалық, музыкалық қойылымда албырт ақынның бөлек бітімді болмысы, қаламгерлік қабілетінің қыр-сыры жарқырай көрсетілді.
Еске алу кешіне Ибрагим Бекмаханұлының туған жері Сыр өңірінен бір топ мейман – ақынның достары, апа-қарындастары мен бауырлары келді. Солардың атынан сөз алған Ыбекеңнің бала күнгі досы Алмат Тоқшылықовтың шешен тілмен өрген әңгімесі есті сөздің үлгісіндей болды.
Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газетінің бұрынғы редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Амандық Рахұлы, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков, Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев, Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған аймақтық филиалының директоры Батырбек Мырзабеков және басқалары естелік айтты.
Ұлытаудың қыранына айналған Сыр ұланының жары Мәкеш Бекмаханова арлы азаматтың бағасын білген қауымға алғыс айтып, бір шоғыр әріптестерінің иығына шапан жапты. Әсерлі кешті Ыбекеңнің сөздеріне жазылған әндер шырайлы ете түсті.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ