Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті
Бiз мүлде жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Ал шешiмi күрделi мəселелер де бар. Ол – əлеуметтiлiк мəселе. Бұл салада қоғам өмiрiнде түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мəселе, ол – коррупция. Елiмiзде осы мəселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мəселе əлi толық шешiмiн тапқан жоқ.
Сыбайлас жемқорлық — заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат жəне қоғамдық бəсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-əрекеттер əр салада жүзеге асырылуда. Əсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері əсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады.
Сыбайлас жемқорлық əрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің əрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын жəне заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Бегалы КӨПЕШ,
Қазақстан Республикасы экология жəне табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі комитетінің «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің заңгері.