Сыбайлас жемқорлық – болашағымызға қауіп

Сыбайлас жемқорлық – бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл – пара беру, пара алу, таныстықпен жұмысқа тұру, заңсыз шешім шығару сияқты әділетсіз әрекеттер. Осындай қадамдар елдің дамуын тежейді, халықтың билікке деген сенімін азайтады. Әрбір қазақстандық адал өмір сүргісі келеді. Әділ заң жұмыс істесе, ешкім артықшылыққа ие болмаса, халық та әділдікке сенеді. Бірақ, өкінішке қарай, кейде кейбір азаматтар «бәрін парамен шешуге болады» деген оймен әрекет етеді. Бұл – өте қауіпті түсінік.

Мемлекетіміз сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында көптеген шаралар қабылдап жатыр. Заң күшейтілуде, мемлекеттік қызметшілердің жұмысы қадағалануда. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Себебі, сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекетке емес, әр адамға байланысты.
Ал, біз не істей аламыз? Осыны сіздерге түсіндіре кетейік. Егер, біреу сізден заңсыз түрде ақша талап етсе, үндемей кетпей, тиісті орындарға хабарлаңыз. Қызметті парасыз алуға тырысыңыз – бұл сіздің заңды құқығыңыз екенін біліңіз.
Тағы бір айта кетерлігі, балаларымызды адалдық пен әділдікке тәрбиелеңіз. Өзіміз де күнделікті өмірде шыншыл болуға тырысайық. Сыбайлас жемқорлық тек жоғарыда емес, күнделікті өмірде де басталады. Біреуді жұмысқа «таныс арқылы кіргізу», емтиханды ақша беріп тапсыру, кезексіз өту – бұлардың бәрі де әділетсіздікке жол ашады. Осындай, ұсақ-түйектен басталған парақорлық кейін үлкен жүйелік мәселеге айналатынын ұмытпағаныңыз жөн.
Өйткені, болашақ – адал қоғамның қолында. Еліміздің ертеңі – бізге, яғни қарапайым халыққа байланысты. Егер, әр азамат заңды құрметтесе, адал еңбек етсе, болашақта әділ әрі дамыған мемлекетте өмір сүретін боламыз. Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – бұл жай арман емес, бұл – біздің ортақ мақсатымыз. Сондықтан, бірге болайық, әділ болайық, парасыз болашақты бірге құрайық!

ҚР АШМ АӨК МИК «Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясы» ММ.