СУ ТАСҚЫНЫ: Облыс әкімі Мемлекет басшысына өңірдегі ахуал туралы баяндады

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Республикалық штабтың отырысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдегі ахуал жайында баяндады.

Атап айтар болсақ, су тасқыны кезеңінен бастап өңірдегі 25 елдімекен мен шаруа қожалықтарында су басу қаупі төну факторы тіркелген.

Облыс аумағындағы 9 автожол учаскелерінде еріген қар суының тасу фактілері орын алды. Қазіргі таңда 6 жол қалыпқа келтірілді, 3 жол бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында барлығы 138 бірлік техника (12 су сорғы құралдары, 4 қайық), 418 адам, жұмылдыра отырып 25 елді мекен мен шаруа қожалықтардан 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланды. Тасқын су салдарынан қатынассыз қалған адамдарды эвакуациялау және құтқару үшін Жезқазған қаласының әуежайында орналасқан МИ-8 тікұшағы тартылды.

Аймақта көктемгі су тасқыны басталғаннан бері 3500 дана қапшық төселді. Шамамен 56 213 текше метр су сорылып, 25 000 метр қорғаныс бөгеті көтерілді. 4935 тонна инертті материал пайдаланылды.

Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды. Су басқан аула аумақтары мен тұрғын үйлер жоқ.

Облыс аумағындағы негізгі Кеңгір, Сарысу, Жезді өзендері мен 25 гидротехникалық құрылғы бақылауда.

Кеңгір су қоймасының жобалық көлемі 319 млн. текше метр құрайды, қазіргі таңда 304 млн. текше метр су жиналып, жоспарлы ағызу жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде 155 млн. текше метр су ағызылды.

Бүгінгі таңда облыстың Қарағанды облысымен шекаралас аудандарында қардың әлі толық ерімеуіне байланысты, судың облыс көлеміне келуі бақылауда.