Ұстаздың жарқын келбеті
«Алты Алаштың баласы бас қосса төр – мұғалімдікі» деген Мағжан ақынның сөзімен өсіп-өнген қазақ үшін мұғалімнің орны бөлек. Бүгінгі мұғалімдердің еңбегін, олардың беделін ел алдында асқақтата көрсету – біздің парызымыз. Ұлытаудағы №1 Тірек мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Еркеназ Бегаева кəсіптік шеберлігін сабақ барысында көрсете білетін тəжірибелі ұстаз.
Қашан көрсеңде өскелең ұрпаққа саналы білім мен сапалы тəрбие беруден танбай қажырлы еңбек етіп жүрген білікті маман, жаңалыққа жаны құмар жан. Бұған дейін де Астана қаласындағы №2 мектеп-гимназиясында, №56 мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болған. Бүгінде ұстаздық жолын өзі білім алған ауданның қарашаңырағы саналатын Ұлытау мектебінде жалғастыруда. Оның білім саласындағы еңбек өтілі – 30 жыл. Осы жылдарда жас жеткіншектерге білім беруде жаңа озық технологиялық əдіс-тəсілдерді қолдануда алдыңғы орында келе жатқан мұғалім. Ол «Ертегілер Əлемі: Оқы. Қиялда. Баянда» атты 3-сыныпқа арналған əдістемелік нұсқаулықтың авторы. Онда оқушылардың зерттеу жұмыстарымен айналысу жолдары толықтай көрсетілген.
2020 жылы «Жарқын болашақ» орталығы ұйымдастырған республикалық «Үздік педагог-2020» байқауына ұсынған жұмыстары үздік деп танылып, Еркеназ арнайы дипломмен марапатталды. Бұдан кейін республикалық «Үркер» орталығына халықаралық «Перспектива» орталықтарына жас жеткіншектерді сапалы дайындағаны үшін І дəрежелі диплом мен КИО олимпиадасының сертификатын алды. Осы орайда, Қарағанды облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Еңбегіне сай құрметке бөленген ұстаз биыл тағы бастауыш сынып бүлдіршіндерінің қолына қалам ұстатып, білім теңізінің айдынына бастап отыр. Ал, оның басқалардан ерекшелігі қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ынтызарлығы. Осындай жақтары ұстаз келбетін нұрландырып тұрады.
Қайрат ЖҰМАБАЙ