Ұстаздық – талапты, қабілетті жастардың мамандығы
Жыл сайын күздің алғашқы күндерінде ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауы жарияланады. Әр сала мамандары, ел болашағына алаңдаған жұртшылық бұл Жолдауды асыға күтетіні анық. Себебі әрқайсысы өз саласына қатысты қандай міндеттер айқындалғанын, даму бағытының бағдарын білгісі келеді. Сондықтан да біз де мектеп ұжымы болып Мемлекет басшысының биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты кезекті Жолдауын мұқият тыңдадық.
Жолдауда әдеттегідей ел экономикасының барлық бағыттары бойынша шешімін таппай жатқан, одан әрі дамуына кедергі боп отырған мәселелер мен алдағы уақытта жасалуы керек міндеттер қамтылған.
ҚР азаматы ретінде Жолдауда айтылған 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп аталуы, атом электр станциясын салу мәселесін жалпы ұлттық референдум арқылы шешу мәселелері жұртшылықтың көңілінен шықты деп санаймын. Бұл мемлекеттің халық ойымен санасатынын, әділетті Қазақстанда барлық адамның орны бірдей екенін білдіреді.
Педагог ретінде Президент Жолдауының маған ұнаған тұсы – педагогикалық мамандарды дайындайтын оқу орындарына қойған талабы. Ашып айтар болсам, мұғалімдердің мәртебесі, сонымен қоса, педагогикалық мамандықтар бойынша білім алатын студенттердің стипендиясы, ұстаздардың еңбекақысы артқаннан бері бұл кәсіпті таңдаушылардың саны да ұлғайғаны жасырын емес. Бұл олардың барлығы бірдей білімді, қабілетті, аталған кәсіпке дайын дегенді білдірмейді. Осы ретте, педагогикалық мамандыққа түскісі келетін түлектерге талаптың күшейтілгені көңіл көншітеді. Қазіргі кезде бұл бағытта арнайы емтихан тапсыру, ҰБТ балының 75-тен асуы сияқты талаптар қарастырылған. Мемлекет басшысы аталған жұмысты одан әрі де жалғастыруды талап ету арқылы педагогтердің сапасын, біліктілік, білімділік сияқты қырларын жақсартуды көздейді.
Шынымен де, ұстаз біліктілігі басты назарда болуы керек. Президентіміз айтқандай, білікті ұстаз болмаса, білім саласындағы жаңашылдықтар, технологиялар түкке тұрғысыз болып қалады. Ұстаз біліктілігі – ұрпақ білімі, ел болашағы. Елімізде педагог абыройы қаншалықты биік болса, оған қойылатын талап та жоғары болуы заңды. Ендеше, ұстаздық қабілетті жастардың мамандығы болуы керек. Сонда ғана олар «ұлттың зияткерлік қуатына» айналады.
Гүлсім НАСЫРИТДИНОВА,
№17 мектеп директорының орынбасары.
БАЙҚОҢЫР ауылы.