Ұстаз есімі ұлықталды

 

2019 жылы №17 Байқоңыр жалпы білім беретін мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкетану мұражайы ашылды. Келесі жылы ауданның 15 мектеп мұражайы қатысқан «Үздік мектеп мұражайы» байқауында ол жеңімпаз атанды.

Таяуда мұражайға осы мектепті ширек ғасырға жуық басқарған ұлағатты ұстаз, 1968 жылы Мәскеуде өткен Мұғалімдердің бүкілодақтық ІІ съезіне Қарағанды облысынан қатысқан делегаттың бірі Бекіш Күзековтің есімі берілді. Осыған орай ауылдың Мәдениет үйінде «Білім биігіндегі тау тұлға» тақырыбында салтанатты жиын өтті.

– Мұражай бабалар мен кейінгі ұрпақ арасындағы алтын көпір іспеттес. Білім ошақтарындағы мұражай ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін рухани құрал ретінде өскелең ұрпақ тәрбиесінде алатын оны айырықша. Осы орайда, ата-бабалардың өнегелі өмірінен сыр шертетін әрбір жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, бала тәрбиесінде тиімді пайдалану керек. Туған өлкенің тарихына, ұлттық салт-дәстүрге құрметпен қарауды, мәдениеті жоғары, ой-өрісі биік азамат тәрбиелеуді айқын мақсат еткенде ғана мектеп мұражайы міндетін мінсіз орындайды, – деді, алғашқы сөзді алып, ауылдастарын құттықтаған округ әкімі Шәріп Бекетов.

Бекіш Күзековтың әріптестері, қарт ұстаздар, бүгінде немере-шөбере қызығын көріп отырған аяулы әжелер – Айман Әбілова, Зәуреш Әбдіхалықова, Мауия Молдабергенова және Балғын Нұғыманова, 1986-1990 жылдары мектеп директоры болған Үмітай Шабатқызы есті естелік айтып, Бекеңнің адами қасиеті мен кәсіби машығына жан-жақты тоқталды. Түрлі себеппен келуге мүмкіндігі болмаған мектеп түлектері – Қазақстан және Ресей педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық педагогикалық білім академиясының академигі, Қазақстан және Ресей Суретшілер одағының мүшесі, Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті докторы және Мәскеу педаголгикалық мемлекеттік университетінің профессоры Сейітқали Аманжолов, Еуразия ұлттық университеті экономика факультетінің деканы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдарының академигі Серік Мақыш, Атырау университеті журналистика кафедрасының профессоры Рахима Нұриден онлайн-форматта бейнебайланысқа шығып, ортақ қуанышты ауылдастарымен бөлісті.

Кештің құрметті қонағы, Бекеңнің баласы, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, зейнеткер ұстаз Айтжан Күзеков әкесі жөнінде жазылған «Ұлағатты ұстаз» жинағының тұсаукесерін жасап, әкесіне көрсетіліп жатқан мынандай ыстық ықылас үшін ауыл басшылығы мен азаматтырына, мектеп пен Мәдениет үйінің ұжымына айрықша ризашылығын жеткізді.

Салтанатты жиын мектеп ғимаратында жалғасты. Бүгінгі іс-шараға байланысты жаңғыртылған өлкетану музейі салтанатты жағдайда ашылды. Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының директоры, аудандық мәслихат депутаты Зейпін Қазанбаева, «Атамекен-Байқоңыр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қаратай Ақбергенов, зейнеткер ұстаздар Бөгетбай Молдабергенов пен Гүлсім Нүрпейсова, мектеп директоры Ерден Қасымов жиналған жамиғатты құттықтады. Лента қию «Атамекен-Байқоңыр» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қаратай Ақбергенов пен Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі Әлібек Әбдірашқа бұйырды.

Сол күні Бекіш Күзековтің ұрпақтары ауыл мешітінде құдайы ас беріп, құран оқытты.

Өз тілшімізден.

БАЙҚОҢЫР ауылы