СПОРТ – ОТАНШЫЛДЫҚ ДӘНЕКЕРІ
Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын асқақтататын сала. Адам денсаулығына да пайдасы зор. «Спорт – денсаулық кепілі» деп бекер айтылмаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетімізде ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Шындығында, спорт адам бойына мықтылық, отаншылдық сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Әлбетте, «тәні саудың жаны сау». Бұл ретте спорт пен салауатты өмір салтын тәптіштеп түсіндіргеніміз абзал. Спортты сүйген адам өзінің елін, көкбайрағын сүйіп өтетіні шүбәсіз. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым-бағыттарының бірі. Жыл сайынғы тамыз айының үшінші жексенбісі Қазақстанда Спорт күні ретінде аталып өтілуі осыдан. Аталған мереке еліміздің спортын дамыту, спорттағы жетістіктерін ынталандыруға арналған. Осы кәсіби мереке қарсаңында Ұлытау ауданының балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марғұлан СӘБДЕНОВКЕ жолығып, сұхбаттасқан едік…
– Марғұлан Боранбайұлы, сауал қоймас бұрын сізді төл мерекеңізбен құттықтаймын. Енді әңгіме барысын спорт мектебіне аударсақ. Спорт саласында қандай жаңалықтар бар? Сіз басқарып отырған сала елін сүйетін шымыр да шыныққан, өмірге құштар сергек те серпінді жас ұрпақты спортқа баулитын орын ғой. Ал, бүгінгі күні осы мектепте балғындарымыз спорттың қай түрімен шұғылдана алады?
– Кәсіби мерекемізбен құттықтап отырғаныңызға үлкен рахмет! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Жолдауында «Денешынықтыру және спорт мемлекеттің қамқорлығында болуы қажет. Саламатты өмір салты халықтың денсаулығының кілті болуы керек» деп атап көрсеткен еді. Осы бағытта ұрпағымыз шымыр да шыныққан жастар болуы үшін спорт мектебінде дәл қазір барлық жағдай жасалған. Мектепте жасөспірімдер спорттың 8 түрімен жаттыға алады. Мұнымен қоса, Қарсақбай кентінде спорт мектебінің дербес бөлімшесі бар. Бүгінгі таңда 415 бала біздің мектепте жаттығып жүр. Әркім өз таңдауымен қазақ күресі, самбо, дзюдо және волейбол, баскетбол, бокс, тоғызқұмалақ, стол теннисі секцияларына қатысуда. Балғындарымыздың қазіргі қадамы көңілге қонымды.
– Спорт мектебінің басты мақсаты спортқа бейім, бойында қабілеті бар жастарды елге таныту ғой. Осы тұрғыда қай спорт секцияларының жұмысын жоғары қояр едіңіз?
– Қазіргі таңда қазақ күресі, бокс, волейбол секцияларына қатысып жүрген балғындарымыз алдынан көрінуде. Облыс біріншілігінде бокстан 63 келі салмақта бақ сынасқан Әділет Дүйсенбай бірінші орынға иеленіп, Атырауда өткен Қазақстан чемпионатында қола медаль алды. Жамбыл облысына қарасты Шу қаласында ұйымдастырылған республикалық турнирде Темірлан Базылхан 56 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек, қазақ күресінде 55 келі салмақта өнер көрсеткен Нұржан Мырзабеков облыс біріншілігінен жүлдемен оралып, Түркістан облысы Шардара қаласында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып қайтты. Биыл волейболдан Қарағанды облысының құрама командасына біздің мектептен Мерей Сейітқали қабылданды. Ол таяуда Орал қаласында өткізілген жарысқа волейболдан қатысып келді. Басқа да үлкен додаларға қатысуға әлемді жайлаған пандемия әсерін тигізуде. Әйтпесе, дзюдо, самбо күресіне балаларды дайындаған еді. Өкінішке орай, көптеген жарыстар кейінге шегерілді. Бірақ, секциялық жұмыстар тоқтаған жоқ. Санитарлық талаптарды сақтай отырып өз деңгейінде жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда мерекелік шараларға байланысты спорттық ойындар онлайн форматында өткізілуде.
Жалпы айтқанда, бұған дейін шәкірттеріміздің бірқатары «Жас барыс», «Қазақстан чемпионатына» қатысып, жүлдемен оралған болатын. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай, «Жас барыс» турнирінде Нұрғиса Мырзабеков екінші орынға иеленіп қайтқан. Жастар арасындағы қазақ күресінде Ернат Төлеш «Қазақстан чемпионы» болды. Облыс біріншілігінде Еламан Ізтілеу жеңімпаз атанды. Самбо күресінен облыс біріншілігінде бірнеше шәкірттеріміз жүлдемен оралған. Ал, боксқа келетін болсақ, былғары қолғап шеберлерінің жаттықтырушысы Серік Мүшіріптің еңбегі зор. Шәкірттері республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Бүгінгі күні волейбол секциясының жұмысы да айтарлықтай. Мектебімізге жас маман Әмірхан Есенғабыл келгелі волейбол секциясының жұмысында ілгерілеушілік бар. Осы бағытта жұмысын өрістете берсе, шәкірттері биік асуларды бағындырары сөзсіз.
– Спорт мектебінде жағымды жаңалықтар көп екен. Мұны өз аузыңыздан естіп, көңіліміз марқайып қалды. Енді мынаны айтыңызшы, спорт мектебіне қызметке келіп жатқан жас мамандар бар ма?
– Биыл мектебімізге «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Жезқазған қаласынан Темірлан Қоңырбай келді. Бұл азамат – боксшы. Бокс секциясына жаттықтырушы болып орналасты. Алдағы уақытта ұлытаулық өрендерді боксқа дайындайтын бапкер осы болады. Қазір секцияға қажетті жабдықтар берілген. Бокс рингі талапқа сай жабдықталған. Қатысушыларды бокс қолғабымен, спорт киімдерімен қамтамасыз етеміз. Тек жас маман секция жұмысын алға қарай дамытса, біз қолдау көрсетуге дайынбыз.
– Мұныңыз орынды. Спортпен айналысқан жеткіншек алмас қылыштай жарқылдап, бойында намыс оты жалындайтыны сөзсіз. Дана халқымыз «шынықсаң, шымыр боласың» деп бекер айтпаған ғой. Бұл ретте спорт мектебінің алға қойған жоспарлары мен міндеттері қандай? Қысқаша, әңгімелеп өтсеңіз?
– Негізгі жұмысымыз бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Ең басты міндет – өскелең ұрпақты заман талабына сай спортпен шұғылдануына ықпал жасау. Ал, күн тәртібінде тұрған мәселе ұлттық спорт түрлерін дамыту, насихаттау. Осы тұрғыда спорт секциясын көбейтуді қолға алып жатырмыз. Жақын күндері жылдағыдай жаңа оқу жылына балаларды қабылдаймыз. Оқу-жаттығу жұмыстары онлайн форматында өткізіледі. Бір айта кетерлігі, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы біздің мектептің дамуына қолдау көрсетіп отыр. Жарыстарға шығуымызға ықпал жасауда. Қауіпті індет кедергі келтірмесе, біздің спортшыларымыз үлкен додаларға қатысуға дайын деп айта аламын.
– Әңгімені түйіндер тұста өз лебізіңізді білдіре кетсеңіз…
– Барлық спортшыларды, ардагерлерді, спортсүйер қауымды Спорт күні мерекесімен құттықтаймын! Сіздерге Қазақстанның абыройын асқақтататын жаңа жеңістер тілеймін.
– Сауалдарға жауап беруге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет! Еңбегіңізге жеміс тіледік!
Сұхбаттасқан Қайрат ЖҰМАБАЙ.