Совет Әжібайұлы ӘЛІБЕКОВ
Ұлытау өңірінің дамуына қомақты үлес қосқан жоғары білікті дәрігер, денсаулық сақтау саласы қызметінің ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Совет Әлібеков фәни-жалғаннан бақи-дүниеге озды.
Ардақты азамат 1935 жылы Қарсақбай ауданына қарасты Кішітау ауылында дүниеге келген.
1960 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы Ұлытау, Жезді аудандарындағы ауруханаларда басшылық қызметтер атқарды. Нақтылай түссек, Аманкелді аурухана бөлімшесінің бас дәрігері, Ұлытау ауруханасының бас дәрігері, Жезді аудандық ауруханасының бас дәрігері болды. Осы уақыт аралығында медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы анағұрлым нығая түсті. Жаңа аурухана мен емхана ғимараттары салынып, совхоздарда халық игілігіне дәрігерлік амбулаториялар берілді. Оның еселі еңбегінің нәтижесінде Жезді аудандық ауруханасы бірнеше мәрте социалистік жарыс жеңімпазы атанып, одақтық, республикалық және облыстық деңгейдегі Қызыл Туды жеңіп алды. Совет Әжібайұлы жалпы қауымға ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өркендеуіне, медицина саласының дамуына және аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігін нығайтуға қосқан зор үлесі арқылы да айрықша танымал болды.
Ол зейнет демалысына шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбей, ел мүддесі жолында тынымсыз еңбек етті. Жезқазған қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы, «Мақсат» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы ретінде игі шаралардың басы-қасында жүрді.
Тірлігінде мағыналы ғұмыр кешкен марқұмның отбасы мен туыс-туғандарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтамыз.
Ұлытаудың ардақты ардагерінің есімі мен бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ уақыт сақталады.
А.Мырзабеков, А.Құрмансейітов, М.Оспанов, А.Әбжамалов, А.Қайырбек, Е.Дәуітбаев, Ә.Жандарбеков, Е.Әбжамалов.