Сот ісін жүргізудің жаңа тәртібі
Қазақстан Республикасы 2020 жылдың 29-ы маусымында алғаш рет Әкімшілік Рәсімдік Процестік Кодексті (бұдан әрі-ӘРПК) қабылдады. Аталған Заң 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді. Бұл Заң еліміздегі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыруға байланысты қарым-қатынастарды сонымен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар және жеке, заңды тұлғалар кодекс аясында реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
Әкімшілік рәсімдер дегеніміз – әкімшілік органның, лауазымды адамның, әкімшілік істі қарау, шешім шығару және қабылданған шешімді орындау жөніндегі жолданым негізінде немесе іс бойынша өз бастамасы арқылы жасалатын қызметі аталады.
Кодекс талаптарына сәйкес, әкімшілік рәсімдердің міндеті – жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық жүзеге асыру, сонымен қатар, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, басқару шешімдерін қабылдауды жеке тұлғалардың ат салысуы арқылы қамтамасыз ету және осы саладағы заңдылықты нығайтып тиімді іске асыру болып табылады.
Әкімшілік рәсімдер мен сот ісін жүргізу ӘРПК-тің ІІ тарауында көзделген қағидаттарға сәйкес іске асырылады. Аталған қағидаттарды сақтамау, елеулі түрде бұзу, әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) заңсыз деп тануға, іс бойынша қабылданған сот шешімдерінің күшін жоюға әкеп соғады.
Сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер, осы тарауда көзделген қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде де қолданылады.
Жаңадан қабылданған Кодекс әкімшілік рәсімдерге қатысты алты қағидатты қарастырады.
Атап айтқанда, Кодекстің 10,11,12,13,14,15-баптарында көзделген, мөлшерлестік, әкімшілік қалауды жүзеге асыру шектері, құқықтар басымдығының қағидаттары, сенім құқығын қорғау, формальды талаптарды теріс пайдалануға тиым салу және анықтық презумпциясы.
Ал, жаңа Заң нормаларына сәйкес, әкімшілік қалау дегеніміз– әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылықты бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі.
Әкімшілік қалау құқықтық заң шеңберінде рәсімделуі және заң талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Құқықтар басымдылығының қағидаты бойынша заң талаптарындағы барлық күмән, қайшылықтар мен түсініксіз мән-жайлар әкімшілік рәсімге қатысушының, яғни, арыз берушінің пайдасына түсіндіріледі.
Келесі қағидат – сенім құқығын қорғау. Бұл дегеніміз, азаматтар мен ұйымдар әкімшілік органның шешімдеріне күмән келтірмеуі тиіс. Бұл тұрғыда, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) оларды әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес теріс деп танығанша, заңды және негізді деп саналады.
Кодекстің 16-бабында қамтылған қағидат соттың белсенді рөліне арналған.
Атап айтсақ, сот, әкімшілік процеске қатысушы тараптардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтініш-хаттарымен, тараптар ұсынған дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де құжаттарымен шектеліп қоймай, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызды барлық мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттейді. Бұл тұрғыда, өз бастамасымен немесе процеске қатысушылардың өтініш-хаттары бойынша қосымша құжаттар мен дәлелдемелерді жинайды, сонымен қатар, істі мәні бойынша шешу мақсатында өзге де іс-шара, әрекеттерді жүзеге асырады.
Аталған кодекстегі тағы бір ерекшелік, судья әкімшілік іс бойынша нақты және заңды құқықтық негіздемелерге сүйене отырып өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Алайда, бұл тұрғыда, судья қойылған талап бойынша нақты қандай шешім қабылданатыны туралы айтуға құқылы емес.
Соттың белсенді рөлі Кодекстің 116-бабында да көрініс тапқан. Атап айтқанда, талап қоюдың нысанасын айқындау кезінде сот, талап қою талаптарының тұжырымдамасымен, талап қою мәтінімен, сонымен қоса талап қоюға қоса берілген немесе қосымша ұсынылған құжаттармен байланысты емес.
Бұл тұрғыда, сот, аталған мән-жайдың құқықтық салдарын алдын ала түсіндіре отырып, талап қоюшыға талап қою талаптарын дұрыс тұжырымдауға немесе өзгертуге жәрдем көрсетуге құқылы.
Сонымен қатар, сот, сот талқылауы барысында әкімшілік қалау шектерінің артып кетпеуін және оның Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкімшілік актіні қабылдау мақсаттарына сәйкестігін тексеруге міндетті.
Кодекстің 130 бабында процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, істің мәні бойынша өтініш-хаттарды беруге, толық емес деректерді толықтыруға, істің мән-жайын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша құжаттар мен түсініктемелерді беруге ықпал етіп, жәрдем көрсетуге сот міндетті деп көрсетілген.
Келесі қағидат – кодекстің 17 бабында көзделген әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі. Мұндай норма бұрын азаматтық іс жүргізу заңнамасында болмаған жаңа ұғым. Дегенмен, мұны істі қараудың ешқандай мерзімі жоқ деген түсінік туындамауы тиіс. Себебі, әкімшілік істердің жекелеген санаттарын қарап, шешу, осы кодексте белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады. Ақылға қонымды мерзімде, әкімшілік істің күрделілігі, процеске қатысушылардың процестік құқықтарын пайдалануы, істі қараудағы соттың жүзеге асыратын іс-әрекеттерінің процестік тұрғыда жеткіліктілігі мен тиімділігі ескерілуі тиіс. Нақтырақ айтсақ, кодекстің 146-бабы талаптарына сәйкес, әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ, талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қаралып, шешімін табады. Ал, аса күрделі істер бойынша аталған мерзім, соттың негізді ұйғарымымен, ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Ал, уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша қабылдаған шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер сот отырысына талқылау тағайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралып шешімін табады.
Егер, аталған санаттағы істер бойынша алдын ала тыңдау Кодекстің 143-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес сотқа талап қою берілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілетінін есептесек, осы санаттағы істерді қарау мерзімі отыз жұмыс күнінен аспайтындығын және осы мерзімнен де қысқа уақытта қаралып бітуі де мүмкін.
Кодекстің 163, 166-баптарында, әкімшілік істердің қысқартылған мерзімде, яғни, дереу немесе талап келіп түскен күні, екі жұмыс күні, бес күн ішінде қаралуы да көзделген.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің тағы бір қағидаты – сот актілерінің міндеттілігі, яғни, заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ, соттар мен судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру кезінде қабылдаған өкімдері, талаптары, шақырулары, сұратулары мен басқа да жолдама хаттары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының аумағында орындалуға жатады.
Сот актілерін, сол сияқты соттың талаптарын орындамау Кодекстің 18-бабының үшінші бөлігінің талаптарына сайпроцестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға әкеп соғады.
Процестік мәжбүрлеу шараларына кодекстің 123-бабының талаптарына сәйкес, ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу және ақшалай өндіріп алу жатады.
Ақшалай өндіріп алу, әкімшілік сот ісін жүргізудегі өзгешелік, яғни, жаңалық болып табылады.
Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады.
Аталған процестік мәжбүрлеу шаралары әкімшілік органдарды тәртіпке шақыруға, олардың процестік міндеттерін және сот актілері мен талаптарының мүлтіксіз орындалуын сонымен қатар, тараптардың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталып отыр.
Сәрсен САҒАТОВ,
Ұлытау аудандық сотының төрағасы міндетін атқарушы.