Соғыс шежіресі

Соғыстың салған сергелдеңі жайында әр әулеттің өз естелігі бар. Тарихи шежіре санатындағы майдан хаттары – соның айғағы. Сол хаттар – шайқас даласындағы жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлерді жеңіске жетелеген қуат-күштің қайнар көзі.

Оларда үмітке сүйенген сағыныштың, селкеусіз сенімнің лебі бар. Ұрыстарда от кешкен ұлытаулық гвардия офицері Жүніс Құлжановтың Ұлытау ауданының мемлекеттік архивінде сақтаулы тұрған өз отбасына жолдаған хаттарынан осыны айқын аңғаруға болады. Мекенжайы көк сиямен толтырылып, штамп қойылған хаттардың мәтіндері қара қарындашпен жазылған. Сағынышты сәлем хаттар «ҚазССР, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Айыртау ауылы, №5» мекенжайына жолданып отырған.Үшбұрышты үшбу-хаттардың ауылда қалған зайыбы Балтайға, бауырларына жан жылуын дарытқаны анық. Қағаздары әбден сарғайған, жазулары көмескі болса да оқуға жарайтындай жағдайдағы хаттардан ұлтын жан-тәнімен сүйген ұланның Отан-Анаға деген жүрек лүпілі, сағынышқа толы көңіл-күйі айқын сезіледі.

Заман көші ілгері жылжып, жыл өткен сайын ұрыс даласында жазылған бұл хаттардың құны арта түседі. Олар – архивтің ең баға жетпес асыл қазынасы. Хаттардың қағазы сарғайса да, сиясы сол қалпында сақталуының өзі бір ғажап.

Өкінішке қарай, біз сөз етіп отырған кейіпкерімізге туған жеріне оралу бақыты бұйырмапты. 1945 жылы 25 қаңтарда жат жерде ерлікпен қаза тапқан. Оның мүрдесі Венгрияның Дунафельдвар деревнясына жерленген екен. Бұл деректі қарындасы Күлзия Құлжанованың ағасын іздеп жазған өтінішіне байланысты СССР Қорғаныс министрлігінің кадр бөлімінен 1975 жылы 27 мамырда берген жауабы анықтап отыр.

Ал, зайыбы Балтай 1984 жылы қайтыс болған. Хаттарды сақтап келген – осы кісі.

Қарлығаш ІЗТІЛЕУОВА,

Ұлытау ауданы мемлекеттік архивінің жоғары санатты архивисі.