СІЗ САҚТАНДЫРЫЛҒАНСЫЗ БА?
МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтардың қатарында Жаңаарқа ауданының ұйымдары мен мекемелерінің қызметкерлері бар. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облысы бойынша филиалының директоры Алибек Бердыбеков мәлімдеді.
МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін тұрғынның 12 ай үздіксіз аударымы болуы шарт. Алайда, сақтандырылмаған азаматтардың көпшілігі медициналық сақтандыруға тұрақты түрде жарна төлемейді. Тиісінше, оларда медициналық қызметтерге толық қолжетімділік жоқ.
Естеріңізге сала кетсек, МӘМС шеңберінде әрбір сақтандырылған адам аударған жарна мөлшеріне қарамастан, медициналық көрсеткіштері болса, барлық көмекті толық көлемде алуға құқылы. МӘМС пакеті пациенттерге қажет негізгі медициналық қызметтерді қамтиды. Атап айтар болсақ, бейінді мамандардың кеңесі, қымбат анализдер, диагностикалық зерттеулер, консультациялар, сонымен қатар жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар және т.б. қызметтер кіреді. Бұндай операциялардың көбі бірнеше миллион теңге тұрады. Ал азаматтар ай сайын МӘМС жарнасы мен аударымын жасап, осы қызметтерді қосымша қаржы төлемей-ақ ала алады.
Бүгінде Жаңаарқа ауданында 28 мыңнан аса адам тұрады, оның 3704-і медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған. Сақтандырылмағандардың 190-ы – жеке кәсіпкер, 143-і азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша табыс табатындар болса, тағы 1098 жұмыскер үшін жұмыс беруші ай сайынғы МӘМС аударымын уақытылы аудармаған.
Сонымен бірге, аудан көлемінде МӘМС жүйесінде мүлде аударым жасамаған 469 тұрғын бар көрінеді. Медициналық көмектен қағылып жүрген аталған санаттағы тұрғындар дербес төлеуші ретінде өзін-өзі сақтандыра алады. Ол үшін тұрғын 12 айдың әр айына 3500 теңгеден барлығы 42 мың теңге төлейді. Дербес төлеуші ретінде төлем жасар кезде тұрғын ағымдағы уақыттан алдағы 12 айға ( 2023 жылдың маусым айы болса 2024 жылдың мамырына дейін) жарна төлеуі керек.
Құрметті оқырман! МӘМС бойынша тағы да сұрақтарыңыз болса немесе медициналық көмек алуда қиындықтар туындаса, өз емханаңыздағы «Пациенттерді қолдау қызметіне» жүгінуіңізге болады. Ал ол жерде мардымды жауап ала алмасаңыз, Қордың өзіңізге ыңғайлы арналары бойынша өтініш-шағымдарыңызды қалдыра аласыз:
• fms.kz ресми сайты,
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• Telegramдағы SaqtandyryBot.
. 1414 бірыңғай байланыс орталығы
Сондай-ақ Электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.
Өз тілшіміз