Сіз қандай әжесіз?
«Бір қызығы бала дейді адамның, Шынында да таласады оған кім? Ал немере қызығы одан кем болмас, Жақсы әже бола алмасаң, саған – мін…» Әдемі айтылған. Ғаламтордан алдым. Авторы жазылмапты. Осы өлең шумағынан кейін мені «Жақсы әже болу үшін не істеу керек екен?» деген сұрақ мазалай бастады. Осы сауалды мен Қарсақбай ауылының тұрғыны ардақты ана Сандуғаш ДҮТБАЕВАҒА қойған едім.
– Сандуғаш ханым, бүгінде «ертегі айтатын әжелер азайып кетті» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Сіз мұнымен келісесіз бе?
– Бұл — ащы да болса шындық. Көпке топырақ шаша алмаймын. Бірақ, жан тыныштығын ойлайтын жандардың жанбағар әрекетінен осындай сөз еріп жүр әжелердің артынан. Немерелерін ойнатып, тағылымды тәрбие берудің орнына ұялы телефонға жабысып, әлеужелінің «әлеулейінде» отыратын әжелердің бар екенін несіне жасырайын.
– Өзіңіз солардың қайсының санатындасыз?
– Періштемін дей алмаймын. Бірақ, ұялы телефонда «ұябасатындардың» да қатарында емеспін. Мүмкіндігімше немерелеріммен болғанды қалаймын. Соған күш саламын да. Бірақ, қу немелер қисынын тауып, мені де алдаусыратып, өздері де телефонға жабысып қалатын кездері болады.
– Ертеде өмірге келген тұңғыш баланы атасы мен әжесі бауырларына салатын. Қазір бұл үрдіске де қарсы шығатындар көп. Сіздің пікіріңіз қалай?
– Негізі, ата мен әженің бауырындағы бала жаман болмайды. Менің өзім келін болып түскенде енем бұл мәселені қабырғасынан қойған. Тек тұңғышымыз емес, өзге балаларым да атам мен енемнің тәрбиесінде өсті. Одан еш жаман болған жоқ. Қайта кейін өзіме «әжем мұндайда өйтуші еді, әжем бүйтуші еді» деп үйретіп отыратын болды.
– Бұрынғы ата-әжелер немерелерін жиын-тойға ертіп баратын. Қазіргі әжелер одан қашады. Неге?
– Меніңше оның бар-ақ себебі бар. Бұрынғы жиын-тойларда салиқалы әңгімелер айтылатын. Балаға үлгі болатын ұлттық ойындар ойналатын. Ал, кешегі Кеңес дәуірінен бергі той-томалақтар ащы сусыз өтпейтін болды. Арам асқа сылқия тойып алып аузына келгенді айтатындар көп. Сондықтан, мен өзім той-томалаққа бала ертіп баруға қарсымын. Өзім ертіп барған емеспін. Енем алтын адам еді иманды болғыр! Балаларды өзі алып қалатын.
– Бүгінгі әже қандай болу керек деп ойлайсыз?
– Ең бастысы, ұрпағына дұрыс тәрбие беруі керек. Отбасы, ошақ қасындағы кикілжіңді қадағалап, оның өршуіне, әсіресе, баланың көзінше ұрыс-керіс жасамауды айтып отыруы керек алдыңғы толқынға. Ол үшін өзі салиқалы, салмақты болуы тиіс. Бала, әсіресе, немере айтқанды емес, көргенді тез қағып алады. Ендеше, сен өзіңнің іс-әрекетіңмен үлгі бол!
– Салиқалы дегеннен шығады сіздің келбетіңізге қарап, 60-қа келіп қалған әже деп айта алмаймын. Мұның сыры неде?
– Барлық нәрсе сыйластықта деп ойлаймын. Отбасында кикілжің болмай, балалары дұрыс жүріп-тұрса, адам неге қартайсын?! Одан қалды, мен кішкентай кезімнен бері қозғалыста жүрген адаммын. Тыныш отырған күнім жоқ. Спортпен де айналысамын.
– Сонда қалай, жаттығу залдарына жиі барасыз ба?
– Менің жасым алпысқа таяп қалды. Алла қаласа осы жылдың аяғында асқаралы алпысқа толамын. Сенесіз бе, сұлулық салондарына өмірімде барған емеспін. Ал, спорттан қалған емеспін. Зауыттың волейбол командасында ойнаймын. Замандастарыма, кейінгі жас келіндерге де айтарым, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану керек.
– «Бақытты адамның әрдайым жүзі күлімдеп тұрады» дейді. Сізді көріп сондай ойға келдім. Бақытты болудың кілті неде?
– Бақыттың кілті – еңбек, шыдамдылық, сыйластықта деп білемін. Жаратушым маған өмір сыйлады. Мен үшін осының өзі – бақыт! Отбасыммен өткізген әр күнімді бақыт деп есептеймін.
– Әңгімеміздің түйініне келсек. Сіз өзіңізді қандай әжемін деп ойлайсыз?
– Оны енді немерелерім айтар. Елім бағалар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан ІЗТАЙ БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
ҚАРСАҚБАЙ ауылы.